1980 жылдан бері ақпарат айдынында аянбай еңбек етіп, журналистика саласының тынымсыз тіршілігінде тілшілік қызметті атқарып келген, редакциямыздың жасы үлкен қаламгері Берікбай Қадықов Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні аясында «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанды.
Бұл марапат бұрынғылардан өзгерек…Иә, Берікбай Елеусізұлының еткен еңбегі еленіп жатқанына редакция ұжымы да қуанып жатыр. Расында, тәжірибелі тілші үшін бұл мерейлі атақтың орны ерекше деуімізге болады. 40 жыл бойы баспасөз саласында жемісті қызмет атқарып, талай жас журналистерге жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп келе жатқан Берікбай ағаның еңбегі зор.
Берікбай Қадықов журналис-тиканың «жілігін шағып, майын ішкен» нағыз шебер десек артық айтқандық емес. Ол кісі 1980 жоғарғы оқу орнын бітіре салып, сол жылдан бастап Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық газетінде тілшілік қызметке орналасып, осы редакцияда бөлім меңгерушісі және жауапты хатшылық міндеттерді атқарған. Кейін аталмыш редакцияға 21 жыл басшылық етті. Ал, 87 жылдық тарихы бар біздің «Заман жаршысы» газетінде 2009 жылдан бері алдымен бас редактордың орынбасары, кейіннен тілшілік қызметте табандылық танытып келеді.
Ардагер журналистің баспасөз саласында жеткен жетістіктері жетіп артылады. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, республикалық «Отан» партиясының орталық саяси кеңесінің Құрмет грамоталарына, Қазақстан Журналистер одағының дипломына, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына ие болған. Одан бөлек, Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының,«Жетісу-ақпарат» медиахолдингі басқармасының, Қарасай ауданы әкімінің және «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалының Алғыс хаттарын да алған білікті журналист. Енді, міне, біз жіпке тізіп айтып отырған мерейлі марапаттардың қатарына «Қазақстанның Құрметті журналисі» атты танымал төсбелгісі де қосылып отыр.
Мұндай наградаға, әрине, Берікбай Елеусізұлы сияқты қаламы қуатты, сүбелі сөздерді мардымды мақалаға сыйдыра білген республикаға танымал журналист қана лайықты деп білеміз. Республикаға танымал деп жазудың да өз себебі бар. Неге десеңіздер, ағамыздың оқырманға орнықты ой салатын, тың ақпаратқа толы мақалалары еліміз бойынша таралымы мол «Егемен Қазақстан», «Айқын» және әдебиетті насихаттайтын «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», одан бөлек, облыстық «Жетісу» газеті сияқты бірқатар баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады. Сондай-ақ, тағы алып қосатын нәрсе – тәжірибелі тілшінің редакторлығымен бірнеше кітап та жарық көрген болатын.
Журналистиканың даңғыл жолында жемісті еңбек етіп келе жатқан, қаламы мұқалмаған, алымды сөзі бар Берікбай Елеусізұлымен әріптес болғанын редакция ұжымы да мақтан етеді. Мәртебелі марапатыңыз құтты болсын!
Дидар МУХАМАДИЕВ.