Биыл, өздеріңіз білетіндей, Ұлы Жеңіске 75 жыл толды. Сол бір сұрапыл соғыста қаншама майдангерлеріміз опат болып, талайы жаралы күйде елге оралса, енді біразы жақындарымен қауышты. Отан үшін от кешкен сол бір батырлардың ерлігі мен есімдерін біз қашанда ұлықтап, олар жайлы қанша жазсақ та артық етпес. Осындай майдангерлердің қатарында, соғыс даласында ең керемет техника – «Катюшаны» басқарған Бейсенбі Өкімбаев болып еді.
Батырдан үш ұрпақ тараса, соның бірі Еркін Өкімбаев бүгінгі таңда Қаскелең қаласының тұрғыны әрі осы жердегі ветеринариялық дәріханада қызмет ететінін айта кеткен жөн. Еркін ағамыз ветеринария саласында 40 жыл еңбек етсе, соның 15 жылын біздің ауданға арнаған. Әкесі Бейсенбі майдан шебінде «Катюша» реактивті зеңбірегін игерген нағыз қазақ батыры екенін мақтанышпен айтады.
Батыр Бейсенбі Өкімбаев жайлы бізге жеткен ақпараттар көп емес. Алайда, осыдан бес жыл бұрын Жеңістің 70 жылдығына орай жарияланған Қарағанды облысының аудандық «Қарқаралы» газетінде біз айтып отырған жауынгер жайлы жазылыпты. Сондағы мақаланың үзіндісін оқырман назарына ұсыну ды жөн санадық.
Бейсенбі Өкімбаев – 1914 жылдың түлегі. Темірші болысының №57 ауылында, Ақтайлақ өзенінің бойында туған. 1932 жылы ашаршылық кезінде әке-шешесі Өкімбай мен Мария, бауырлары Жақсыбай, Бейсенбай, Несіпжан, Несіпжамал опат болады. Бір жанұядан жалғыз аман қалған Бейсенбі 1933 жылы Қарқаралы ауданындағы «Жарлы» интернат-пансионында тәрбиеленеді. Туғанынан бастап, аштық жылдарын, оқыған-тоқығанын, соғыс кезінде қандай майданда болғанын ардагердің өзі өмірбаянында тайға таңба басқандай жазып кеткен. Онымен қоса, Бейсенбі ақынжанды адам болыпты. Оған өлеңдері бар бір қойын дәптер, жартылай жазылған үлкен дәптері дәлел. Бейсекең көрген-білгенін, жан-жүйесімен сезінгенін өлең сөзбен қағазға түсіре беріпті. Қойын дәптеріндегі өлеңдерінің көбісі латынша қаріптермен жазылыпты. Кейінгі өлеңдері кирилл қарпімен тұр. Өзінің жетімдік тауқыметін де өлеңмен айтып кеткен. Мәселен, «Интернатта» атты өлеңінде: «…Киеміз бір бәтеңке қысы-жазы, Шәйің де сарғаймайды — астың азы. Жастықта пісіп-қату дұрыс екен, Бес жылда бір күпәйке әрең тозды», деп оқу жылдарында көрген қиыншылықтарынан көрініс береді. Бейсекең оқуды жаман оқымағанға ұқсайды. Комсомолға өтіп, үлгерімі жақсы болып, пионер вожатый да болыпты. 1937 жылы Қарқаралы педучилищесіне түсіп, екі жыл оқып, әскерге алынады. «…Совет гвардиясы қатарына алып, сол кездегі ең жоғарғы техника «Катюша» командирі етіп сайлады. Міне, мен бұл сенімді Сталинградта, Кавказда, Қырымда, Кубаньда, Украинада, Финляндияда, Совет Заполяриесінде неміс фашистерін талқандаумен ақтадым», деп жазыпты өмірбаянында майдангер. Белауардан қан кеше жүріп, қолынан қалам тастамай, елге-жерге деген сағынышын, майдандағы соғыс оқиғаларын өлеңдеріне арқау етіпті. Тіпті, қаһарлы отқару – «Катюша» зеңбірегіне де шығарған өлеңі бар. Онда: «… Фашистер біледі оғын Катюшаның, Көрді олар іс жүзінде күшін оның», деп өзі қарудың күш-қуатына тәнті болып, жаудың талай зәре-құтын қашырып, төбелеріне жай отын түсіргендей соққы бергендерін жазады. Бейсекең майданда екі рет жараланып (құжаттар ішінде жаралы болғандығы жөнінде госпиталь анықтамасын да кездестірдік), елге гвардия аға сержанты шенінде 1945 жылы аман-есен оралады. Бұл оқиғаны да майдангердің өлеңдерінен көре аламыз. Осы жылы «Жаңа өмір – жаңа тұрмыс» деген өлең жазып, ел-жұртқа сәлем жолдап, соғысқа лағнет айтып, мынадай жолдармен тәмәмдайды: «Бұл күндер ұмыт болсын осыменен, Еліміз өркендесін күннен-күнге. Тілегі жастық қиял орындалсын, Құрайық жаңа тұрмыс, жаңа өмірмен». Соғыстан оралған соң, Қарқаралыда орта мектепте 2 жылдай мұғалім, ДОСААФ-тың аудандық комитетінің төрағасы болады. Одан кейін он жылға жуық орман шаруашылығы мекемесінде жұмыс жасайды. Аңшылықпен шұғылданады. Бұл туралы да сарғайған газет қиындыларынан біраз мәлімет алдық. Мәселен, «Еңбек майданы» газетінің 1949 жылғы 15 қаңтарындағы санында шыққан «Үлгілі аңшы» қысқа хабарында: «Өкімбаев – үлгілі аңшы. Ол қыс түскеннен бері 13 түлкі, 110 тиын атып, шикізат мекемесіне өткізді…» (автор Р.Әмірханов) деген ақпар беріліпті. Ал, 1950 жылғы газет санында «…аңшы тек январь айының өзінде ғана аудандық шикізат дайындау орнына 7 қасқыр, 28 түлкі, 150 тиын аулап тапсырды. Оның бір күнде қасқырдың екеуін, түлкі мен қарсақтың бесеуін атып алған кезі болды» (автор А.Дубовицкий) деп жазылған. О.Орынтаевтың әр жылдары жазылған «Айтулы аңшы», «Аңшы болсаң, ерінбе» атты мақалалары да аңшының жетістіктері туралы баяндайды. Кейінгі материалда, тіпті, аңшының фермаға шапқан қасқырды тірідей ұстап алғандығы айтылады. Аңшылығы өмірімен қоса, өлеңдерінде де көрініс тапқанын айта кету керек. Б.Өкімбаев Жеңіске қосқан үлесі үшін Жоғарғы Бас Қолбасшының 7 алғыс хатымен, 5 медаль, «гвардия» белгісімен марапатталған. Алғыс хат демекші, олар да құжаттар ішінен көзге оттай басылады. Сталиннің суреті салынған қос қағаздың бірінде «Четыре благодарности вождя», екіншісінде «Три благодарности вождя» деген жазулар, Б.Өкімбаевтың атына берілгендігі, бөлім командирінің қолы және мөрімен расталып тұр. Маңызды бекініс, қалаларды азат етуге қатысқаны үшін берілгендігі жазылған. Міне, майдангердің өзі тиянақтылық танытып, жинап кеткен құжаттарды асықпай ақтарып, тәптіштей жазуға тырыстық. Отан қорғаған жаужүрек жауынгерге, аты аңызға айналған аңшыға кейінгі ұрпақ жасаған аз да болсын құрмет көрсетейік деген ниетіміз бұл. Мұндай бесаспап адамның өмірін бір мақалаға сыйдырдық дегеннен аулақпыз. Аңшылығының өзі бір кітапқа арқау болатын адам емес пе? Жазбамызды Отан алдындағы парызын адал атқарған майдангердің өз сөзімен аяқтасақ дейміз: «Халқым-ай, аттандырдың мені ішіңнен, Сеніп ең жеңілмес деп мені ешкімнен. Қидық біз шыбын жанды, қасық қанды, Ақтауға ел сенімін абыроймен».
Дайындаған Д.МУХАМАДИЕВ.