Осыған дейін хабардар еткеніміздей, ағымдағы жылдың қазан айында Қайнар ауылының ауыз су мәселесі толығымен шешіледі. Бұл мақсатта аталған елді мекенде мамыр айынан бастап «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Дәл осындай жақсы істер Бекболат пен Жандосов ауылдарында да болады деп жоспарлануда. Бұлай деп айтуымызға негізгі себеп – аталған елдімекендерде қарқынды жүріп жатқан қазіргі құрылыс жұмыстары.
Бекболат ауылындағы ауыз су мәселесін шешу мақсатында республикалық бюджеттен 398 млн теңге қаржы бөлінді. «СК-Kazalem» ЖШС-гі айналысып жатқан құрылыс ағымдағы жылдың 19 маусымында басталған болатын. Мердігер компания өкілінің айтуынша, осы жылдың желтоқсан айында жоспар бойынша жұмыс толығымен аяқталып, көлемі 500 текше метрлік су сақтауға арналған үлкен екі резервуар іске қосылады. Осылайша, Бекболат ауылындағы барлық үйлер жыл соңында Қарғалы өзені арқылы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Ағымдағы жылдың желтоқсан айында Жандосов ауылы да толығымен сумен жабдықталады деп күтілуде. Мұнда дәл қазіргі уақытта ұзындығы 24 км болатын су құбырының құрылыс жұмысы іске асырылуда. Осы құбырлар арқылы келешекте Шамалған өзенінен су тартылу жағы көзделген. «Сапа құрылыс» ЖШС айналысып жатқан бұл жұмысқа республикалық бюджеттен 817 млн теңге қаржы игеріліп, жандосовтықтардың ауыз су мәселесін шешу жолына жұмсалуда. Құрылыс қарқыны нәтижелі болса, ауыл ішінде шағын резервуарлар су құбырына жалғанып, бүкіл ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Осылайша біз сөз еткен қос бірдей ауылдың ауыз су мәселесі оңды шешілуде. Құрылыс барысы жоспарлы түрде жүзеге асса, ағымдағы жылдың соңында Бекболат пен Жандосов ауылдары ауыз судан тапшылық көрмейтін болады.
Дидар МУХАМАДИЕВ.