Әр кезде де мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез-келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметшінің еңбегіне тікелей байланысты. Осы ретте мемлекеттік қызметті тандаған адамның бойында аса жоғары жауапкершілік, отансүйгіштік қасиет пен елге деген жанашырлық, адамгершілік ұстанымы зор болуы тиіс. Сондықтан қызмет әдебіне жетік, саяси тұрғыда сауатты, саламатты өмір салтына берік, мәдени ұстанымы зор адам ғана мемлекеттік қызметші бола алады. Міне, сондай өз ісінің білгір маманы ретінде аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиевті айтар едік.
Алда келе жатқан мемлекеттік қызметшілер күніне орай біз өз ортасында үлгілі әрі қарапайым да жақсы адам ретінде белгілі Ілияс Қалиев туралы айтуды жөн көрдік. Біздің мақаламыздың кейіпкері 30 жасар Ілияс Еділұлы Күрті ауданындағы Қазыбекбек бекетінде үлкен отбасында дүниеге келген. Бала кезінен талай жылдар бойы халқы үшін аянбай қызмет еткен әкесі Еділ Қалиев пен анасының берген тәрбиесімен өскен ол бала кезінен ақылды әрі белсенді, жасампаз істерге бейім болған. Осы қасиеттерінің арқасында оқыған мектебінде әрдайым озық оқушылардың ортасынан көрініп, оны үздік аяқтаған. Білім ордасынан кейін Қазақ экономика университетін (қазіргі Нархоз) «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейінен жұмыс істеп жүріп, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураға түсіп, ол жерден «заңгер» мамандығын алып шықты.
Алғашқы еңбек жолында 2011 жылы Райымбек ауылдық округінің әкімдігінде бас маман, салық инспекторы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде бас маман болып еңбек еткен. Жас маманның өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен тыңғылықтылығы басшылықтың назарына ілініп, 2016 жылы Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары болып қызметке тағайындалды. Бұл жерде де жұмысы өте ауқымды еді. Округтегі кейбір мәселелерді шешу, келген тұрғындардың өтініштері мен арыздарын тыңдап, оларға көмектесу сияқты әртүрлі жайды шеше білді. 2017 жылдың қараша айында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы қызметіне ауысты. Лауазымының аты айтып тұрғандай, бұл қызметте аудан экономикасының дамуына үлкен үлес қосып жатқан кәсіпкерлермен тығыз жұмыс істей бастады. Ауданымыздағы кәсіпорындарға әртүрлі көмек көрсетіп, зауыттардың жұмысы мен өндірілген өнімдердің көлемін жіті назарға алып, бір сөзбен айтқанда, шағын және орта бизнестің жұмысын қадағалады. Осындай маңызды міндеттерді абыроймен атқарып келе жатқан Ілияс Қалиевтің адал еңбегі лайықты бағасын алып та жүр. Ол бірнеше мәрте аудан әкімдігі мен облыстан өз ісінде жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп, мемлекеттік қызметтің дамуына үлес қосқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
– Бұл жолды таңдаған әр адам өзінің атқарар жұмысына тыңғылықты әрі үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Себебі, бір кішкентай нәрседен мүлт кетсе, оның осы уақытқа дейін жинаған абыройы мен атқарған ісіне үлкен сын болады. Біздер билік пен қарапайым халықтың арасындағы алтын көпір болғандықтан, халыққа адал қызмет етуіміз қажет. Жеке басым, мен үшін мемлекеттік қызметші болу мәртебе немесе лауазым емес, бұл менің елімнің дамуы үшін үлкен үлес қосуыма берілген мүмкіндік, – дейді бөлім басшысы.
Мемлекеттік қызметте 9 жыл жұмыс атқарып, бүгінде өз ісінің маманы атанған, әріптестерінің арасында абырой жинап үлгерген кейіпкеріміз осындай маңызды әрі қиын салаға кездейсоқ келмеген екен.
– Мен үшін бала кезімнен әр істе асқар таудай әкем үлгі болатын. Сол кісіге қарап, ақылын тыңдап өстім. Менің мемлекеттік қызметші болуыма тікелей әсер еткен адам – әкем Еділ Қалиев. Ол өмірінің көп жылын мемлекеттік қызметке арнап, жоғары жетістіктерге жеткен сала ардагері. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала кезден әкемнің жұмыс істеу стилін, жауапкершілігі мен адалдығын көріп өскендіктен, мемлекеттік қызметші болуды алдыма мақсат етіп қойдым, – дейді Ілияс.
Үлкен отбасында дүниеге келіп, бала кезінен бауырмашыл болып өскен кейіпкеріміз жақында ғана әйелі Зере екеуі тұңғыш балаларын, нақтырақ айтқанда, Айхан есімді ұлдарын қолдарына алып, өздері де ата-ана болу бақытын сезінді. Кейіпкеріміз өз ісіне берік болғанымен, отбасымен де уақыт өткізуді ұмытпайтын адам. Ол жұмыстан қолы тисе немесе демалыс күндеріне шыққан кезде өзінің уақытын көбіне отбасына және де достарына арнап, олармен жиі бас қосып тұрғанды ұнатады екен.
Міне, осылайша өзінің өмірлік жолында еліне қызмет етуді тандап, әке жолымен кеткен кейіпкеріміз Ілияс Қалиев сынды талапты да тиянақты мамандардың еңбегі қашанда зор бағаға лайық.
Қорыта келе айтарымыз, жақындары мен достарының арасында қамқор ұл, сенімді күйеу, жақсы әрі адал дос, ал, еңбек жолында білікті басшы Ілияс Еділұлын төл мерекесімен құттықтай отырып, әрқашан тек биіктен көріне беруіне тілектеспіз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.