Аудан тұрғындары қалыпты өмір сүру жағдайына біртіндеп көшуде. Карантин режимінің талаптары жеңілдетілген соң бірқатар нысандарға жұмыс істеуге рұқсат етілді. Бірақ, қоғамдық орындарға барған әр азамат жеке қорғаныш заттарын қолданып, санитарлық талаптарды бұзбауы шарт.
Осы аптаның сейсенбісі күні аудандағы құзырлы органдар тарапынан құрылған арнайы мобильді топ кезекті рет карантин режиміндегі санитарлық талаптардың орындалу барысын тексерді. Оның құрамында:аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиев, аудандық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының, учаскелік полицияның мамандары бар. Осы жолғы тексеру барысында Абылайхан көшесінің бойында орналасқан нысандардың жай-күйі бақыланды.
Мобильді топ мекемелер әкімшілігіне коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін қандай шаралар қолдану керектігін жіліктеп түсіндірді. Әлеуметтік қашықтықты сақтап, бөлмені кестеге сәйкес дезинфекциялау, медициналық бетперде мен қолғап киюге ерекше назар аудару керек. Медициналық бетперде тағу режимін сақтауда бірқатар ескертулер бар. Алғашқы болып кірген «Мұрат» дәмханасы санитарлық қауіпсіздікті ұмытқан. Бетперде тағу, арақашықтықты сақтау сынды талаптар да ескерусіз қалған. Осыған байланысты кәсіп иелері ескерту алды. Жапсарлай орналасқан дүкеннің сақтыққа салғырт қарағандары бірден байқалады. Нан және нан өнімдері әрқайсысы жекелей полиэтиленді пакеттерде болуы керек. Мұнда касса жанындағы антисептик те жоқ болып шықты. Сондықтан белсенді топ мүшелері нысан иелеріне талаптың сақталуын тәптіштеп тұрып түсіндіріп, ескерту жасады.
Айта кету керек, дәмханадағы орындардың арақашықытығы екі метр болуы тиіс. Көп адам жиналмауы шарт. Ірі сауда орындары дезинфекциялық шараларды әрбір 3-4 сағат сайын жасауы керек. Ал, алтын қабылдау, яғни, ломбардтардағы талаптардың сақталуы көз қуантады. Дегенмен, қолғапсыз отырған қызметкерлердің кейбіріне ескерту жасалды.
Абылайхан көшесінің бойындағы өздерін лотоорталық деп таныстарған олар карантин кезде жұмыс жасауға тыйым салынғанынан хабарсыз секілді. Мобильді топ 8 маусым күнгі облыстық бас санитар дәрігердің Қаулысына сәйкес аталған орталықтың негізсіз ашық екенін айтты. Сол уақыттан бастап бірден жұмыстарын тоқтатқан лотоорталығына ескерту жасалынды. Бәрібаев көшесінің бойындағы «Мажор» компьютер клубының ашық тұрғаны көршілерінің айтуынан кейін белгілі болған. Тексеру барысында бұл шағымның шындығы бар екені белгілі болды. Балалар емін-еркін компьютерде ойын ойнап отырған ғимарат ішінде санитарлық талаптардың сақталмағаны кіргеннен-ақ байқалды. Осылайша заңға қайшы келіп отырған ойын клубының жұмысы тоқтатылып, есіктері жабылды.
– Азық-түлік емес сауда орындары енді ғана қызметтерін бастап жатқандықтан, кейбір кемшіліктер кездесті. Барлығының міндеті – санитарлық эпидемиологиялық талапты күшейту. Бастапқы кезеңде тек ескертулер жасалғанымен, қайтара анықталған кемшіліктерге кешірім жоқ, – деді мобильді топтың өкілдері.
Мұндай тексеру жұмыстары карантин режимі алынып тасталғанша тұрақты жүргізіліп тұратын болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.