Елімізде өрт қаупі кезеңінің басталуына байланысты алқап пен егіндік жерлерде өрттердің саны өсуде. Осыған байланысты ауданымыздың төтенше жағдайлар бөлімі өрттің алдын алу бойынша нұсқаулық жұмыстарын бастады. Кеше аталмыш бөлімнің қызметкерлері Алмалыбақ ауылында орналасқан «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына» тиесілі агропарк егіндігіндегі мамандарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Алдымен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Нұрсұлтан Сабиров жұмысшыларға өрт қауіпсіздігін сақтау қажеттілігі туралы еске салып, маңыздылығына тоқталып, өрт қауіпсіздігін сақтамау жауапкершілікке және орны толмас шығындарға әкеліп соғатынын жеткізді. Бөлім инженері мұнан кейін жұмысшыларды өрт қауіпсіздік ережелерімен тағы бір рет таныстырып, тілсіз жаудың қалай алдын алу керек екенін түсіндірді. Нақтырақ айтқанда, егістікте жүргенде жұмысшыларға алқапта өсімдік қалдықтарын жағуға болмайтынын, егістіктегі техникалардың барлық бөліктері уақтылы шөптен және шаннан тазартылып, қараусыз қалдырылмауы керектігіне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, егістіктегі жұмыс кезінде темекі тартуға немесе тез жанатын заттарды алып келуге болмайтынын да айтып өтті.
Тілсіз жауды алдын алуға бағыттал-ған кездесу соңында жұмысшыларға ережелер мен ескертулер жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.
– Жыл сайын өрт қауіптілігінің жоғары кезеңі ішінде ауданымыздың алқапты жерлерінде өрттердің пайда болу қаупі туындайды. Көбінесе, бұған адамдардың өзі кінәлі. Құрғақ шөпті, егін қалдықтарын бақылаусыз, рұқсатсыз жағады немесе бау-бақша учаскелерін жинау барысында жиналған қоқыс пен шөптерді өртейді. Бұдан басқа, тұрғындар жаппай табиғат аясына шығып, демалыс барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайды. Мұнын бәрі қауіп екенін ескерген жөн. Осы ретте біз аудан бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта мұндай шаралар басқа да мекемелерде жүргізілетін болады, – деді Нұрсұлтан Махмудұлы.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.