Біздің заманымыздың талабына сай арамыздан зиялы топты жарып шығатын адам болу үшін әркім маңдай терін төгіп жұмыстануы қажет. Қазіргі кезде Отанымызда өзін-өзі көрсете білетін талантты да қабілетті жастардың саны күннен-күнге артуда. Алдымызда келе жатқан 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында қатарластарының арасынан өзінің ақылдылығымен ғана емес, сондай-ақ, жан-жақтылығымен де ерекше көзге түсіп жүрген дарынды деген жастың бірі – Нария Бакашева туралы сөз қозғасақ деп едік.
Нария Ардаққызы – Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының мақтанышы, сыныптағы белсенді, үлгілі де озат оқушы. Мінезі көркіне сай, адал және рухани жағынан бай, білмегенін білгенше асығатын және өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын белсенді қыз. Нария жан-жақты болып, әртүрлі үйірмелерге қатысқанымен ол «Мен үшін бірінші кезекте мектеп» дейді
– Мектеп пен білім өзім үшін әрқашан бірінші орында тұрады. Неге екенін білмеймін, бірақ, бала кезімнен басқалар сияқты далада ойнағаннан көрі мектепке барғанды ұнататынмын. Бір жағынан ол оқуға деген қызығушылығымды әжем оятты десем де болады. Бала кезімде «4», «5» деген бағалар алсам, әжем маған әр жақсы баға үшін 50 теңге беретін. Уақыт өте келе әр іске қатыса келе, мектепке деген қызығушылығым арта түсті. Үнемі мектепке ерте кетіп, сабақтан кейін де әртүрлі пайдалы істерге араласып, қатысып, достарыммен оқуға байланысты тақырыптарда әңгімелесіп, кешке жақын бір-ақ қайтып келемін. Қазірдің өзінде карантинге жабылып қалған мектебімді, ұстаздарымның сабақтары мен сыныптастарыммен өткізетін пікірталасты сағынып жүрмін, – дейді Нария.
Нария бастапқы сыныптардан бастап-ақ, әртүрлі оқуларға, одан кейін олимпиадалар мен байқауларға, ғылыми жобаларға қатысып, мектепте өтетін мерекелер ұйымдастыруға атсалысқан. Бүгінде оның жеткен жетістіктері мен алған мақтаулары жетерлік. Атап айтар болсақ, «Жаңа ғасыр таланты», «Жарқын болашақ», сондай-ақ, тағы да басқа көптеген республикалық байқауларда 1-орындардан көрінген. Сонымен қатар, оқуда озат, мектеп өмірінде белсенді кейіпкеріміз өзінің сүйікті ісімен айналысуға да уақыт табады, оқудан бөлек қосымша үйірмелерге де баруды ұмытпайды. Мәселен, Нария 5 сыныптан бастап ауданымыздағы CES for You орталығының сабағына қатысып, бүгінде ағылшан тілін жетік меңгерген. Қазір енді ол қытай тілін үйренуде.
– Ағылшын тілін үйренуге мені итермелеп, CES for You орталығына апарған анам болатын. Мен кішкентай кезімде Англияда тұратын тәтемнің әңгімелерін естіп, үнемі сол елге баруды армандайтынмын. Осы орталыққа алып келген кезде анам маған ағылшын тілін жақсы меңгеретін болсам, Англияға жібереміз, деп уәде берді. Бұл уәде басында маған үлкен мотивация еді, бірақ, уақыт өте келе ағылшын тілін үйрену өзім үшін өте қызықты болып кетті. Тілді жетік меңгергеннен кейін армандаған Англияға да барып қайттым, – дейді Нария.
Біздің кейіпкеріміздің отбасында атасы мен ағасы бокспен кәсіби түрде айналысып, былғары қолғап шеберлері атанғандықтан кішкентай кезінен оларды үлгі татып, спортқа да қызығушылық танытқан екен. Немересінің осындай қасиетін байқаған әжесі оны өзінің танысы, балаларға каратэ үйрететін тренерге апарыпты. Бүгінде Нарияның тек білім жағынан емес, сондай-ақ, спорт жағынан да жеткен жетістіктері көп.
Ол бос уақытында тауға шығып, отбасымен, достарымен демалғанды жақсы көреді, Ал, ең басты хоббиі кітап оқу екен.
– Менің ең алғаш оқыған кітабым ол – ұлыбританиялық жазушы Джоан Роулингтің Гарри Поттер туралы қиял-ғажайып шығармалар жинағы болатын. Басында мен оның бір томын ғана оқыған едім, әрі қарай киносын көре салам дегем. Бірақ, мамам маған кино кітаптан мүлдем бөлек болады, егер де сен барлық қызықты білгің келсе, кітап оқы дейтін. Кітапқа деген сүйіспеншілігімді менің мамам ояты деуге болады. Кішкентай кезімнен күнделікті сен бүгін қандай кітап оқыдын, не білдін деп сұрайтын. Мен жауап берген кезде біліп тұрса да білмеген құсап таңғалып, менің қызым ақылды деп үнемі мақтайтын. Сол сөздерді естігенде өзімнен өзім мақтанатынмын, – деп бала кезін күліп еске алады Нария.
Біздің кейіпкеріміз болашақта бірнеше тілді үйреніп, Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істегісі келеді екен.
– Маған әртүрлі тілдерді зерттеу, шет елдерге қыдыруды ұнататындықтан мектеп бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнына грантқа түсіп халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітіріп, болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс жасағым келеді. Африка, Ауғанстан сияқты әртүрлі елдерде қиналып жүрген адамдарға көмектесуді армандаймын. Сондай-ақ, менің ең үлкен арманым ол – өзімнің кішігірім кітаптар дүкенін ашу. Себебі, кітапханада отырған кезде өзімді өте жақсы сезінемін, ол жердің атмосферасы маған өте қатты ұнайды. Сол сезімді мен болашақта басқаларға сыйлағым келеді, – дейді Нария.
Нария секілді жастарымыз алдарына нақты мақсат қойып жұмыс істесе, еліміз болашақта 30 дамыған мемелекеттің қатарына лезде кіретіндігінде еш күмәнім жоқ. Оның болашақ Қазақстанның жарқын бейнесіне айналып, елінің нағыз патриоты болатынына сенім білдіре отырып, қанатың талмасын, дегіміз келеді. Талабы таудай жас талантты Нарияға сәттілік тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.