Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлылықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Осымен қатар Рамазан – Құран айы. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айдан да қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай. Осы Рамазан айында ораза ұстаған барша жанның оразаларын қабыл етсін Жаратқан!
Мұсылман баласы өзгеге пайдасы тиетін қандай да бір іс болса, соны жасау арқылы Алла разылығын алуға тырысқан. Қоғамда орын алған қиындықтарға қол ұшын беруге, елдің пайдасына жарар іс болса, соны жасауға атсалысқан. Әсіресе, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с) мына бір хадисіне сәйкес амал етуге тырысқан дәулетті мұсылмандар тарихта көптеп кездеседі. Жай садақаны кез келген мұсылман жасай алады, ал ел игілігі үшін сауабы мол ауқымды істі дәулетті, әділетті жандар жасаған. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.с): «Адам баласы дүниеден озғанда үш түрлі ісінен өзге барлық істері тоқтап (кітабы жабылып) қалады. Тоқтамайтын істер: үзілмейтін садақа (яғни, мешіт, медресе, аурухана және көпір сияқты халықтың игілігіне жарайтын нысандарды салып, үздіксіз сауапқа бөлейтін игі істер), адамзатқа пайдалы ілім және артынан дұға жасайтын ізгі ұрпақ», – деп айтқан (Муслим, уасийя 14).
Иә, Адам мәңгі немесе ұзақ ғұмыр кешетін жаратылыс иесі емес. Өлшеулі ғұмыр, бес күндік қонақтық мына жалғанда маңдайына жазылған уақыт мөлшерінде ғана өмір сүреді. Дүниеден озған соң сауапті іс жасау мүмкін емес. Ал, қаншама уақыт, жылдар, бәлкім, ғасырлар бойы артынан сауабы барып тұратын садақаны кім болса да қалайтыны анық. Осынау сауабы үзілмейтін садақаны хадисте «садақа-и жария» (үзілмейтін садақа) деп атаған. Ол дегеніміз – елдің игілігі үшін мешіт, медресе, жол, құдық, аурухана, көпір секілді нысандарды бір Алланың разылығы үшін салу. Сол салынған нысан қанша уақыт тұрса, қанша адам пайдаланса, сонша сауап марқұмның артынан барып тұрады.
Дана халқымыз «Аллаға жағайын десең – азаның болсын, Халыққа жағайын десең – қазаның болсын» дегендей, азан шақырылатын орын – ол мешіт. Мешіт – құлшылық жасалатын орын. Яғни ол жерге келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Мешіт қоғамдағы барлық мәселенің шешімін табуға, елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын орын. Адамның туғанынан бастап өмірден өткенге дейінгі діни рәсімдер мешітте өткізіледі. Мәселен, балаға ат қою, неке қидыру, жаназа шығару сынды көптеген діни рәсімдер мешітте орындалады. Әбу һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағалаға елді мекеннің ең көрікті жерлері – мешіттер».
Осындай құлшылық үйлерінің бірі болған аудандық «Түркістан» мешітінің ауласы мен кіре беріс жолдары арық-арық болып ойылып, желді күні шаңы, ал жаңбарлы күні батпағы шығып, мешітке келуші жамағаттың әбігерін қашыратын. Осы қолайсыз жағдайды шешу үшін былтыр күз айында Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашевке арнайы өтінішпен кірген едім. Асқар ағамыз әр сөзімді мұқият тыңдап, «әкім болсаң – халқыңа жақын бол» деген нақылға сай, көктемде күн жылынғанда осы жағдайды шешіп беруге уәде берді. Аллаға шүкір, берекелі Рамазан айында Асқар Өкенұлы уәдесін орындап, аудандық «Түркістан» мешітінің ауласы мен кіре берісіне сапалы асфальт төсеп берді. Бұл жақсылығы Алладан қайтсын, бүкіл жамағат дән риза, алғыстарын айтып, дұға жасап жатыр. Алла Тағала жүрегіне иман, қызметіне абырой, отбасына екі дүние жақсылықтарын нәсіп етсін. Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын. Оразадан оразаға аман-есен жетейік, ағайын!
Ринат СЕИТҚАЛИҰЛЫ.
Қарасай ауданының бас имамы.