Қазіргі таңда елімізде жүз отыздан астам әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Барлық ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдет-ғұрпы бар. Олар бір шаңырақ астында ынтымағы жараса ғұмыр кешуде. Бүгінде екі ұлт өкілінің шаңырақ көтеріп, интернационалдық отбасын құруы да қоғамымызда жиі кездесетін жағдай десек, артық айтқанымыз болмас. Діні мен тілі, түрі басқа болса да, тілегі бір. Бірлігі, достығы, татулығы бар. Осы ретте біз Бірінші мамыр – бірлік мерекесіне орай ауданымызда бір шаңырақ астында мұсылман халқының әдет-ғұрпын берік ұстанып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан Шмидтер отбасы жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.
Шмидтер әулетінің тірегі 59 жасар Валентина Шмидтің айтуынша, ол өзі Ресейдің, Новосибирскнің тумасы, ал, Қазақстанға, нақтырақ айтқанда, біздің Қарасай ауданымызға 1987 жылы көшіп келген. Мұнда келіп, дүкенші, одан кейін балабақша сияқты бірқатар жерлерде жұмыс істеп жүріп ұлы Руслан мен қызы Ангелинаны өсіріп, аяққа көтерген.
– Әрине, басында қиын болды. Себебі, біз басқа қалаға емес, басқа мемлекетке көшіп келдік қой. Бірақ та, уақыт өте келе елге де, адамдарға да үйреніп, өмір сүріп кеттік. Қазір бізде бәрі жақсы, ауылдастарымызбен жақын туыстар сияқты бірлікте тұрып жатырмыз. Қазақстанға көшіп келгеніме еш өкінбеймін. Тіпті, қуанамын да, өйткені, бұл елдің жері ғана емес, тұрғындары да өте жақсы. Ұлтың мен дінің бөлек демейді, ең бірінші кезекте сенің адамгершілігіне қарап, әрдайым жылы қабылдайды, – дейді Валентина.
Біз осы бір керемет мереке қарсаңында бұл отбасы жайлы жазуды бекер жөн көрген жоқпыз. Себебі, Шмидтер әулеті өздерінің округтерінде тек интернационалдық отбасы ретінде ғана емес, сондай-ақ, айналасындағы адамдарға әрдайым көмек көрсететін қайырымдылы, мейрімді жанұя ретінде танымал екен. Валентинаның баласы, 33 жасар Руслан өзі неміс болғанымен, 22 жасында ислам дінін қабылдап, бүгінде әйелі Шолпан екеуі мұсылман халқының салт-дәстүрін берік ұстанады. Ауылдастары Русланды өте салмақты әрі әрдайым көмекке келуге дайын жақсы азамат дейді. Мәселен, ол өзінің достарымен бірігіп, жылда қасиетті Рамазан айында округте ауыз бекіткен үлкен кісілер мен мешіттерде оқитын шәкірттерге ауыз аштырып, Құрбан айт сияқты қасиетті мерекелерде жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік апарып тұратыны да бар. Тіпті, біз сұхбаттасуға барып, бүгінде өздері жалға алып отырған дүкендеріне кіргенде, осы ауылдағы мұқтаж отбасыларға тегін нан таратып жатқанын да байқадық. Мұның өзі бұл ер жігіттің жасаған жақсылықтарынан біздің көргеніміздің бірі ғана. Бұл ретте көп ақпаратты біз олардың ауылдастарынан алдық. Өйткені, ол өзі бізбен әңгімелескенде бұл ізгі істерінің бірін де айтпады. Осы естігендеріміздің бәрінен кейін Русланның қаншалықты қарапайым әрі жасаған істерімен мақтанбайтын нағыз азамат екенін түсіндік. Ал, қызы Ангелина болса кәсіпкер мамандығы бойынша академияны тәмәмдап, қазіргі таңда сауда желісінде жұмыс істеп жатыр екен. Кейіпкеріміз Валентина зейнет жасына жетіп, демалысқа кеткен кезде өзінің кішкентай кәсібін қызына табыстаймын дейді.
Бірінші Май округі әкімінің орынбасары Хизат Молдыбаевтың да айтуынша, Шмидтер тек жеке адамдарға ғана емес, әкімшілікке де көмек көрсетіп, тұрғындар арасында маңызды ақпараттар тарату сияқты көптеген қоғамдық жұмыстарға белсене араласады екен. Иә, оларды тек өздерінің істері мен ғана емес, сондай-ақ, қарапайымдылықтарымен әркімге үлгі көрсететін отбасы деп үлкен сеніммен айтуға болады.
Халқымыз қашанда бірлік пен татулыққа ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Отбасындағы береке негізі өзара түсінушілік деп білеміз. Алты жыл бұрын шаңырақ құрған Руслан әйелі Шолпан екеуі бүгінде бес жасар қыздары Сафия мен үш жасар ұлдары Умарды өсіріп, бақытты өмір сүруде. Бұл әулетке келін болып түскен қазақ қызы Шолпан да өзінің Русланға тұрмысқа шыққанына еш өкінбейтінін айтады.
– Мен осы уақытқа дейін өзімнің өмірлік таңдауыма еш өкінген емеспін. Әрине, отбасы болған соң қиындықтар да кездеседі. Басында өзге ұлттың салтына үйрену қиын болды. Бірақ та, енемнің мейірімділігі мен терең түсінігінің арқасында тез үйреніп кеттім. Тіпті, енем жүкті кездерімде ұйқым қанғанша ұйықтатып, ауыр жұмыс жасатпайтын, күйеуіме де «Келініме тиіспе, демалсын» деп мені ылғи да қорғап жүретін, – деп күліп еске алады Шолпан.
Шмидтер әулетінде де басқа отбасылар сияқты өздерінің дәстүрлері бар. Валентина Шмидтің айтуынша, олар демалыс күндері қалаға шығып, жақсы көңіл көтеріп, серуендеп қайтуды жақсы көреді екен.
Тағы бір қызықты айта кетейік, біздің кейіпкеріміз Валентинаның өзі де интернационалдық отбасынан шыққан. Әкесі – неміс, анасы – орыс. Ал, енді оның ұлының әйелі қазақ ұлтынан. Ол да өзінің қазақ қызын алғанына қуанады екен.
– Мен келінім Шолпанға өте ризамын. Екеуіміз тек ене мен келін ретінде ғана емес, құрбылар сияқтымыз. Ол менің айтқан сөзіме ешқашан қарсы келмейді, «жақсы, мама» деп қана жауап береді, – дейді Валентина.
Міне, татулығымен тартымды болып отырған Шмидтер шаңырағының бүгінгі жай-күйі осындай. Барлық отбасы осылар сияқты болса, еліміздің іргесі де әрдайым мықты болмақ. Ендеше, өздерінің кішкентай әлемдерінде бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз!
Руслан мен Шолпанның алдағы жұбайылық ғұмырлары көптің сеніміне жарықшақ түсірместей болып, жарқын да нық, нұрлы да мағыналы түрде өмір сүруді нәсіп етсін!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.