Әлемді әуреге салған коронавирус біздің елімізге де жетіп, бұл індетті жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Алайда, ақ желеңді абзал жандардың арпалысуымен бұл дерттен айыққандар да бар. Мәселен, Қарасай ауданының инфекциялық ауруханасында ем-домын қабылдаған қарасайлық сырқаттардан бөлек, Іле және Жамбыл аудандарының азаматтары да бар екенін де айта кеткен жөн. Аталмыш медициналық мекемеде емделіп, жақында ғана сырқатынан сауыққан адамдармен біз арнайы тілдесіп көрген едік. Аты-жөнін жасыруды сұраған алғашқы кейіпкеріміздің бірі – қарасайлық тұрғын. Үй жағдайында ем қабылдап жатқандықтан, басынан кешкендерін whatsapp желісімен дыбыстық хабарлама арқылы білдіруді жөн санады.
– Мен 31 наурыз күні жоғары температурамен Үшқоңыр ауылындағы ауруханаға түстім. Келесі күні, яғни, 1 сәуірде дәрігерлер мені Қаскелең қаласында орналасқан аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне алып келді. Сол мезетте өзіме не болғанын бірден түсіндім. Әрине, ішкі жан дүнием алай-түлей болып, өзімді жаман сезіндім. Бірақ, медбикелердің мейірімімен, қолдауымен өз-өзіме келіп, есімді жидым. Одан кейін олар дәрі-дәрмектерін беріп, керекті процедураларын жасап, кешке таман дене қызуымды түсірді. Осылайша, 17 сәуірге дейін дәрігерлердің бақылауында болып, екі рет талдама нәтижесінен кейін үйіме оралдым. Осы ретте, адамдардың өміріне араша болып жүрген, осындай қиын кезеңде өздерінің жұмысында асқан тәуекелмен қызмет етіп жүрген дәрігерлерге шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Жалпы, басқаларға айтарым, барлық сақтық шараларды ұстана отырып, өз денсаулықтарыңызға жауапты болсаңыздар дегім келеді. Біз мұндай сырқатты тек тәртіппен ғана жеңе аламыз, – деді сырқатынан сауыққан қарасайлық.
Дәл осылай Іле ауданының тұрғыны да коронавирустан құлан таза айығып, жақындарының жанына оралды. Қазіргі уақытта дәрігерлердің кеңесімен денсаулығын жіті бақылау үстінде. Карантин режиміне байланысты іргелес жатқан аудан тұрғынына бара алмағандықтан, сырқатынан сауыққан апамызбен де whats app желісі арқылы тілдесуге тура келді.
– 27 наурыз күні Қаскелеңдегі аудандық орталық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне қатты ауырып түстім. Дәрігерлер бірден қабылдап, керекті ем-домын жасап, алдымен талдама алып, кейін бірден вирусқа қарсы дәрілерін берді. Күндіз де, кешкі уақытта да медицина қызметкерлері инфекцияға қарсы барынша күштерін салып жатты. Әр сағат сайын қайта-қайта денсаулығымды қадағалап, тексеріп тұрды. Сонымен, 16 күн ішінде сырқатымнан айықтым. Іле ауданы жақын болмағандықтан, дәрігерлер жедел жәрдем көлігімен үйіме дейін жеткізіп салды. Оларға осы және басқа да қызметтері үшін ерекше ықыласымды білдіремін. Әсіресе, керекті дәрі-дәрмек жағын қамтамасыз етуге атсалысып жүрген сол кездегі аудандық орталық аурухана басшысының міндетін атқарушы Гамиля Кеңесқызына алғысымды жеткізсем деймін. Сондай-ақ, инфекциялық бөлімнің меңгерушісі Сәуле Дәуешқызының да еңбегі зор екенін айтқым келеді. Өз басымнан осындай қиын жағдай өткендіктен, басқа да адамдар менің күйімді кешпесе екен деймін. Бала-шағаның амандығы мен өз қауіпсіздіктеріңіз үшін үйде болыңыздар! – деді Іле ауданының тұрғыны.
Міне, өздеріңіз білгендей, қос кейіпкеріміздің қазіргі жағдайлары көңіл қуантады. Ауруды дер кезінде ауыздықтаған дәрігерлердің арқасында денсаулықтары жақсарды десек те болады. Дәл осылай басқа да сырқаттанған жандар індеттен тез сауығып, қуатты қазақстандықтардың қатарына қосылса екен екен тілегіміз бар. Біздің бірлігіміз бекем болса, бұл дертті де жеңіп шығамыз.
Дидар МУХАМАДИЕВ.