Өткен аптаның сейсенбісінде «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы мәдени орталықтардың рөлі» атты тақырыпта онлайн сұхбат өткізілді. Пікір алмасуды аталмыш орталықтың ғылыми қызметкері ретінде «Батыр бабалар» мемориалды музейінің» меңгерушісі міндетін атқарушы Ә.Тәлімжанұлының жүргіздім. Онлайн сұхбатты өткізудегі басты мақсат – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша қойылған міндеттердің мәдени орталықтар мен музейлерде жүзеге асырылу мәселесі төңірегінде әңгіме өрбіту. Өзара ой бөлісу форматында өткен сұхбатта «Атамекен» орталығы мен «Батыр бабалар» мемориалды музейінде бүгінгі күнге дейін атқарылып жатқан іс-шараларға шолу жасалды. Сонымен қатар, сұхбат барысында аталмыш бағдарлама аясында өткізілген жұмыстар кеңінен айтылып, олардың рухани маңызы жайында пікір алмасу болды.
«Атамекен» орталығының фейсбук парақшасы арқылы тікелей эфирге шыққан онлайн сұхбат көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берумен қыза түсті. Көпшіліктен жеке немесе екі тарапқа жалпы түскен сауалдарға жан-жақты, әрі толыққанды жауап берілді.
Тікелей эфирде көрермендердің ыстық ықыласына және әріптестердің ізгі тілектеріне бөленген онлайн сұхбат «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстарды жоспарлаумен өз мәресіне жетті.
Қыдыр НҰРҒОЖА,
«Атамекен» орталығының ғылыми қызметкері.