Қазір елімізде жарияланған төтеше жағдай кезінде халықтың басым бөлігі үйлерінде отыр. Осыны ескерген Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі онлайн форматта шаралар өткізуді қолға алған болатын. Бұл бастаманы мәдениет саласында қызмет ететін мамандар бірден қолдап, ел игіліне асатын қашықтан шаралар өткізуді қолға алды. Осы уақытқа дейін республикалық деңгейде танымал өнер майталмандарының қатысуымен концерттер, көрмелер, шебер сабақтар халық назарына ұсынылып үлгерді. Дәл осындай шараның бірін осы аптаның сәрсенбісінде Шамалған Мәдениет үйінің жанынан құрылған көркемсурет үйірмесінің жетекшісі Әлтаир Мұхамедқали да өткізді.
Қылқалам шеберінің сабағы аталған өнер мекемесінің қолдауымен «qarasai-dk» инстаграм парақшасында тікелей эфирде жүргізілді. Оның барысында суретші ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» өлеңін сипаттап қағаз бетіне түсірді. Суретті бейнелей отырып, қылқаламмен жұмыс істеудің, майлы бояуды қалай араластырып түс шығарудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Шектеулі уақыт ішінде барлығын қамтып үлгермесе де, түрлі техниканың қыр-сырын түсіндіруге тырысты.
– Қазір байқағанымдай карантин кезінде көп адамдар шығармашылықтарын шыңдауға ден қойып жатыр екен. Білмегендерін үйреніп, білгендерін дамытуда. Оған, әрине, осы сынды онлайн сабақтардың берері көп. Мен де мұндай бастамадан шет қалмай, шебер сабақтар барысында тәжірибиеммен бөлісуге тырыстым. Соның ішінде бұл суретші боламын деген балаларға шабыт берері сөзсіз деп ойламын. Өзімізді қай қырымыздан болсын жетілдіруге тырысайық, – деген ойымен бөлісті Алтаир.
Суретшінің Абайдың шығармасын таңдауы да тегін емес. Семей өлкесінің тумасы болғандықтан, ұлы ақынның өлеңдері кішкентай кезінен жүрегіне бір табан жақын екен. Осыған дейін салған «Желсіз түнде жарық ай» суреті өте сәтті шыққан туындылардың бірі деп айтуға болады. Тәжірибиелі мамандардың жақсы бағалауына ие болып, алдағы уақытта Абайдың Франция мемлекетінде ашылған кітапханасына қойылмақ. Алтаирдің бұл шетел аспақ болып отырған бірінші жұмысы емес. Осыған дейін Америка, Ресей елдеріне де картиналары сатылған.
Сабақ барысында тек қана сурет саласымен шектелмей, көріп отырған жас таланттарға мотивация болсын деген ниетте өзінің жеткен жетістіктері мен кездестірген қиындықтары жайлы да айтып берді. Ауданымыздағы өнер саласында өткізілген онлайн форматтағы іс-шара мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта түрлі бағытта жалғасын табатын болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.