Бүгінгі таңда елімізде болып жатқан коронавирус пандемиясына байланысты Мемлекет басшысының жарлығымен әскери міндеттілер арнайы жиынға шақыртылған еді. Бұл ретте өздерінің елге көмек беруге тілек білдірген 78 аудан азаматтары бүгінде полиция қызметкерлерімен бірлесіп, блок-бекеттерде міндеттерін атқаруда, патрульге шығып, нысандарды күзетуде, ауданымыздағы қауіпсіздік шараларына атсалысуда. Осы арнайы жиынға шақырылған әскери міндеттілер аптаның сәрсенбісі күні ауған соғысы ардагерлерімен кездесті.
Қарасай ауданының әскери міндеттілер жиының командирі, полковник Зоидбой Шоибов пен аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ұйымдастыруымен өткен шараға облыс әкімінің төтенше және қауіпсіздік жағдайлар бойынша көмекшісі Асқар Ниязов та қатысып, әскери міндеттілерді осы кезенде өздерінің міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқаруға шақырды. Ал, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Бекмырза Жүсіп жастарды Отанын сүюге, өз елінің патриоты болуға үндеді.
Аталмыш шараға арнайы шақырылған ауған соғысының ардагері, гвардия полковнигі Малик Калиев, Ұмтыл округінің ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аркен Малалев, аудандық ауған соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Расмұхамедтов және Жанғали Серікқазы өздерінің соғыс кезінде бастарынан өткен жағдайлары туралы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, ардагерлер жиынға қатысушылардың қазіргі еліміздегі төтенше жағдай кезінде олардың негізгі міндеттеріне індеттің таралуына жол бермеу жұмыстарына қатысу, өткізу-бақылау бекеттерінде қызмет атқару, инфекция ошақтары анықталған нысандарды күзетуіне кеңінен тоқталды. Жиын соңы емін-еркін әңгімеге ұласты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.