Еліміздегі теңге бағамының тұрақсыздығы қарапайым халықты алаңдатқаны рас. Жалпы алғанда, ұлттық валютамыздың құлдырауы мен доллардың күрт өсуі әлемдік нарықтағы мұнай бағасының көтерілуімен тікелей байланысты деседі, жұрт.
Дегенмен, қаржы саласына қатысты бұл аталған мәселенің беймәлім тұстарына экономист-сарапшылар ғана тиянақты түсінік білдіре алатыны анық. Осы мақсатта пайымды пікірін оқырман назарына ұсыну үшін ауданымызда орналасқан Сулейман Демирел университетінің доценті, экономика ғылымдарының PhD докторанты, зерттеуші-профессор Есенғали Өскенбаевты әңгімеге тартып, сұхбаттасып көрдік.
– Есенғали Сайлаубекұлы, мұнай бағасының 34 долларға дейін құлдырауы елімізде бір өзгерістің болуына әкеліп соқтыруы мүмкін бе?
– Әрине, мұнай бағасының төмендеуі біздің ғана емес, бүкіл әлемдегі елдердің жағдайына әсер ететіні анық. Өкінішке орай, басқа елдерге қарағанда Қазақстан сияқты мұнай өндіретін елдер мұны көбірек сезінеді. Себебі, біз мұнайға тікелей тәуелдіміз. 2018 және 2019 жылдардағы статистикаға сүйенсек, біздің ел 50 миллиард АҚШ доллары шамасында мұнай экспортын жүзеге асырған. Егер оны шамамен сол кездегі 60 доллар болатын мұнай бағасымен қазіргі уақыттағы бағамымен салыстырсақ, оның төмендеуін немесе мұнай экспорты нешеге азаятынын болжамдау қиын емес. Яғни, мұнай экспорты 50 миллиард доллардан 25 миллиард долларға азаяды. Нәтижесінде, мұнайдан түсетін табыс едәуір мөлшерде төмендейді, қатаң фискалды және бюджет саясаты орын алады, жоғары инфляция және девальвация пайда болады деген сөз.
– Жалпы, Сіздің ойыңызша ұлттық валюталық көрсеткішті әлемдік нарықтағы мұнай бағасымен салыстыру қаншалықты дұрыс? Әлде, теңгенің әлсіреуіне басқа да күштің әсері бар ма?
– Валюта бағамына әсер ететін бірнеше фактор бар. Бірақ, біздің жағдайымызда ұлттық валютамызға әсер ететін негізгі фактор – ол мұнайдың бағасы. Себебі, Қазақстан экспортының едәуір бөлігін сол құрауда. Мәселен, 2019 жылы барлық экспортымыздың 73%-ы минералды шикізаттардан құралған. Оның ішінде, әрине, мұнай бар. Егер оның бағасы төмендейтін болса, Қазақстанның мұнайдан түсетін табысы азаяды, сәйкесінше сыртан келетін доллардың да көрсеткіші төмендейді. Ал, АҚШ долларының бәсеңдеуі оның құнын көтеріп жібереді. Сондықтан да, мұнай бағасы мемлекетіміз үшін негізгі фактор болып табылады.
– Ал, осы Сіз айтып отырған негізгі фактор болып табылатын қара алтынның бағасы белгілі бір шекке жеткенде еліміздің экономикасына қауіп төне ме?
– Қазақстан АҚШ сияқты шығарылуы көп шығын қажет ететін «сланцевая нефть» деп аталатын мұнай түрін өндіреді. Әрине, қазіргі уақытта басқа энергия көздерін барлау жұмыстары жасалып жатыр. Оның үстіне «Exxon» сияқты ірі компаниялар мұндай мұнай түрін («сланцевая нефть») төмен шығынмен шығарудың тәсілін ойлап шығарғанын жариялауда. Осы тәсілмен қара алтын баррелінің өзіндік құны 15 АҚШ доллары болады деп болжамданады. Бірақ, дәл қазіргі уақытта бұл қолжетімсіз деп ойлаймын. Жалпы Қазақстан экономикасын диверсификациялау, яғни, мұнайға тәуелділігін төмендету саясаты осы орайда өте маңызды деп ойлаймын.
– Сауд Арабиясы мен Ресейдің ОПЕК келісімінен шығып кетуі дүниежүзілік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауына әсер еткені белгілі. Сіздің ойыңызша, қос мемлекет неліктен мұндай қадам жасады?
– Әлемде мұнай экспортын жасайтын мемлекеттер қатарына ОПЕК ұйымына кіретін елдерден бөлек Ресей, АҚШ, Канада елдері кіретіні мәлім. Бұл елдер – әлемде экспорт жасайтын мемлекеттер бестігіне кіретіндер. Сонымен қатар, АҚШ соңғы жылдары мұнай экспорттайтын елдердің қатарына кірді. Мысалы, АҚШ-тың жылдық мұнай өндірісі 2008 жылы 183 миллиард баррель құрайтын болса, 2013 жылы 272 миллиард баррельге жетті. Тіпті, 2017 жылы мәліметтер бойынша айлық көрсеткішімен АҚШ мұнай өндірісі Сауд Арабиясы және Ресейді басып озған сәттер де болды. Ресми деректерге сүйенсек, АҚШ 2019 жылы желтоқсан айында, бір күнде 12,655 миллион баррель өндірді. Шындығында, АҚШ-тың мұнай өндірісі соңғы 8 жылда екі есе өсті, бұл ең азы деп есептеледі. Мұның себебі АҚШ көп шығын қажет ететін мұнайды («сланцевая нефть») жаңа технология арқасында аз шығынмен шығара бастады. Дегенмен, АҚШ үшін мұндай мұнай шығарудың өзіндік құны шамамен 40-50 АҚШ долларын құрайды. Сондықтан да, мұнай бағасының 34 АҚШ долларға төмендеуі көптеген АҚШ мұнай компаниялары үшін күйзелісті білдіреді. Бұл Ресей және Сауд Арабиясы елдеріндігі мұнай өндірушілері үшін де жақсы хабар болмаса керек. Алайда, Ресейдің бірнеше жыл бойы өзіне қарсы батыс елдері тарапынан санкция жарияланғандықтан алдын ала дайындықтар, әсіресе, фискалдық және бюджет саясаты бойынша дайындық жасағаны байқалады. Бұл, әрине, менің топшылауым.
– Есенғали Сайлаубекұлы, экономист маман ретінде валюта нарығындағы жағдайдың тұрақталуы үшін интервенцияның маңыздылығы қандай? Жалпы, осы терминге қысқаша тоқталып, қарапайым тілмен түсіндіріп кетсеңіз?
– «Интервенция» ұғымын тікелей аударсақ «араласу» деген мағынаны береді. Интервенция ұлттық валютамыз «теңгенің» басқа валютаға шаққандағы құнын сақтау үшін жасалады. Бұл Ұлттың Банк тарапынан жүргізілетін ақша немесе несие саясатының бір түрі. Мұндай саясаттың жүргізілуінің негізгі себебі – ұлттық валютаның, яғни, теңгенің құлдырауынан сақтау. Әртүрлі жағдайлар немесе жаңалықтардың нәтижесінде, мысалы, мұнайдың бағасы төмендеді деген ақпараттың салдарынан, ұлттық валютамызға сенімсіздік туындайтын болса, оның құны төмендейді. Анығын айтқанда, бизнестерде, фирмаларда және қарапайым бұқара арасында теңгеге деген сенімсіздік үрдісі пайда болса, оның бағасы төмендейді. Қысқасы, теңгенің басқа валютаға (доллар,евро) шаққандағы көрсеткіші өзгереді. Оның құнын арттыру үшін Ұлттық банк нарыққа шетел валютасын «тастайды», басқаша айтқанда, өзінің валюта қорынан жұмсап, өзге елдің ақшаларын сатады.
Егер Ұлттық Банк интервенция жасамаса, теңге құнсызданып кете береді. Ол, әрине, бүкіл экономикаға әсер етеді. Атап айтқанда, фирмалардың құлдырауына, қарапайым адамдардың жалақысының нақты құнының азаюына, жоғары инфляцияға себеп болады. Қысқаша айтқанда, экономикалық және әлеуметтік проблемалардың туындауына себеп болады.
– Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауын«коронавируспен» байланыстыруға болады ма? Егер болса, ойыңызды айта кетсеңіз?
– Мұнай бағасының құлдырауының бірнеше себептері бар. Соның ішінде ең алдымен АҚШ-тың жаңа тәсілмен едәуір мөлшерде мұнай шығара бастауы ықпал етті. Мұнайға деген ұсыныс көбейген сайын оның құны түседі. Соған байланысты әлемдегі мұнай өндірісінің күрт артуы оның бағасының төмендеуіне жол ашады. Мұның басты себебі жоғарыда айтылған мұнай өндірудің жаңа тәсілі болып табылады.
Екіншіден, мұнай бағасының одан сайын төмендеуін коронавируспен байланысты деуге болады. Оның пайла болуы мұнайға әлемдік сұраныстың азаюына ықпал етті. 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап жаңа вирустың тарауы, көптеген елдерде қатаң карантин іс-шараларының жариялануына байланысты әуе жолдары арқылы қарым-қатынас тоқтатылды, өндіріс орындары жабылды, жалпы айтқанда, әлемде экономикалық белсенділік азайды. Осының салдарынан мұнайға деген сұраныс күрт төмендеді. Өйткені, мұнайды энергия көзі ретінде қолданатын бизнестер өз жұмыстарын уақытша тоқтатып отыр. Бұл мұнай бағасына екінші үлкен соққы деуге болады.
Бұл аздай, «ОПЕК+», яғни, ОПЕК ұйымының және мұнайды экспорт жасайтын ОПЕК-ке кірмейтін елдердің өзара мәмілеге келе алмауы шиеленісті жағдайдың одан әрі өрши түсуіне әкеп соқты. Негізінде ОПЕК сияқты ұйымдардың басты мақсаты – мұнай бағасының төмендемеуін болдырмау үшін оны шығаруға мүмкіндігінше шектеу қою. Дегенмен, соңғы жылдары ОПЕК-ке бағынбайтын мұнай шығаратын елдердің саны артуда. Осының нәтижесінде ОПЕК ұйымы ондай елдерді бақылай алмағандықтан және шектеу қоя алмағандықтан, мәмілеге келу күші әлсіреп келеді. Мұндай себептер мұнай бағасының одан сайын азаюына түрткі болады.
– Басқа елдердің экономикасы әлсіреп жатса, оның біздің экономикалық ахуалға қатысы бола ма? Мәселен, Ресейдің рублі арзандаса дегендей…
– Ресей – Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі. Сондықтан да, бұл сұрақ өте орынды деп ойлаймын. Ресей валютасы – рубль арзандайтын болса (құнсызданса), онда теңгенің де құнсыздануы әбден ықтимал. Тіпті, сөзсіз құнсызданады деген тұжырымдамын. Мұндай жағдайлар бізде жақын тарихымызда болған. «Девальвация» және «инфляция» деген қос ағайынды білесіз. Біріншісі екіншісіне түрткі болады. Бұл орайда, әрине, Ресей және басқа сауда әріптестері елдерімен сауда-саттыққа әсер ететіні анық.
– Өзіңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада еліміздегі экономикалық ахуал жөнінде жедел кеңес өтізгенін білесіз. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Премьер-министрдің тікелей басшылығымен шұғыл әрекет ету штабы құрылды. Ол қаншалықты маңызды?
– Үкімет және Ұлттық банктің бірлесіп, өз уақытында және жедел жасайтын саясаты өте орынды және маңызды. Өйткені қолға алатын іс-шаралар уақыт алады. Неге десеңіздер, мұнай бағасы ең алдымен валюта көрсеткішіне, инфляцияға, жұмыссыздық және жалпы ұлттық өнімге әсер етеді. Бұл орайда орынды фискалды және ақша, несие саясаты өз уақытында жасалғаны дұрыс. Мемлекет басшысының осы орайда Ұлттық банк өкілдерімен іс-шараларды қолға алғаны жақсы белгі деп ойламын.
– Сұхбатыңызға рахмет, Есенғали Сайлаубекұлы!
Сұхбаттасқан Дидар МУХАМАДИЕВ.