Жуырда Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл бас қосуға Қаскелең қаласы мен ауылдық округтің әкімдері, аудандық басқарма, бөлім, қызмет жетекшілері қатысты.
Зәуре Баймырзаева өзінің туысы Сымбаттың жағдайын айта келіпті. Ол қыз жетім екен, технологиялық колледжде оқиды. 2014 жылдан бері жетім ретінде үй кезегінде тұратын көрінеді, қазір 187-ші кезекте. Осы категория бойынша әзірше тұрғын үй салынбай тұрғандықтан, оқуын бітіріп, еңбек жолы басталғанша бұл мәселе басқа мемлекеттік бағдарлама бойынша шешілмекші.
Қызғалдақ Байсаханова бір қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр, оны да тұрғын үй жайы толғандырады, ол шешілу үшін ресми кіріс керек. Сондықтан Қызғалдақ ресми түрде жұмысқа орналасуы тиіс. Сондай-ақ, Жандарбек Ермекұлы Қаскелең қаласының әкіміне оның қызын киім, аяқкиім, кеңсе заттарымен қамтамасыз етуді тапсырды.
Қабылдауда әртүрлі азаматтардың, ішінде көп балалы аналар бар, басқа да тілек, өтініштері қаралды. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін бөлуге, Үлкен Алматы айналма жолына арналып мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қоюға байланысты сұрақтар да қойылды.
Жандарбек Ермекұлы әрбір көтерілген мәселеге тиісті түсініктеме беріп, олар бойынша өз орынбасарларына, округ әкімдеріне, басшыларға тапсырма жүктеді. Сонымен қатар, ол «Халық үніне құлақ асу» қағидатын өмірге берік енгізу және қоғамда әлеуметтік шиеленіске жол бермеу керектігіне баса назар аударды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.