Келе жатқан жыл басы – Наурыз мерекесі қарсаңында ұлттық өнеріміздің алтын арқауының бірі саналатын қолөнершілер көрмесі осы аптаның сейсенбісі күні аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Аталмыш мәдени іс-шара ауданымыздың қолөнер шебері әрі жеке кәсіпкер Гүлстан Медетбекованың «Ықылас» атты шеберлер мектебінің тұсаукесеріне арналды.
Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту арқылы ұлттық құндылықтарымызды көтеруге бағытталған шара аясында ұймдастырылған көрмеде Гүлстан Жандосқызымен бірге өзге де ауданымыздың қолөнершілері өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Мұнда қазақы ұлттық әшекейден бастап жаңа басқан киіз, қылқалам шеберлерінің еңбектері, ағаштан қашалып жасалған бұйымдар, қолдан тігілген көрпе-жастықтар, бір сөзбен айтқанда, көздің жауын алар мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден сыр шертетін ерекше дүниелер қойылды. Он саусағынан өнері тамған ұста-тоқымашылардың тұмса табиғат көрінісін, қазақтың тұрмыс-салтын ерекше бедерлеп бейнелеген еңбектері көздің жауын алады. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова қатысып, қолөнершіні құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.
– Бүгінгі көрмеге уақыттарыңызды бөліп келгендеріңіз үшін үлкен рахмет! Бұл көрме ең біріншіден жақында ғана ашылып отырған «Ықылас» мектебін сіздерге таныстыру үшін арнайы ұйымдастырылып отыр. Осы ретте мен бұл мектепті ашу туралы ой тастап, бүгінде ісін дөңгелетіп отырған Гүлстан Жандосқызына алғысымды айтып, бастап жатқан жұмысының табысты болуын тілегім келеді. Жұмысыңыз оңды, бастамаңыз сәтті болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан кейін сөз кезегі аудандық әжелер алқасының төрағасы Ақылия Бекбайқызына беріліп, ол кісі де қазақ елінің салт-дәстүрін ұмытпай оны жаңғыртуға үлкен үлесін қосып келе жатқан қолөнершінің бастамасына толағай табыс тіледі.
Қолөнер… әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырған. Сондықтан болса керек, қарасайлықтар төл туындыларға ерекше қызығушылық танытып, қызыға тамашалады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, аталмыш іс-шара жақында Мәдениет үйінің ғимаратында ашылған «Ықылас» қолөнершілер мектебінің ашылу салтанатына орай өтті.
Аталмыш мектеп болашақта қазақтың ежелден келе жатқан қолөнерін үйреніп, сол арқылы өзінің болашақта жеке кәсібін ашып, өз ісін дөңгелеткісі келген адамдарға арналған. Бұл мектепте адамдарды көрпе, жастық тігуге, құрақ құрауға, сондай-ақ, әртүрлі материалдан көптеген бұйымдар жасауға үйретеді. 18 жыл бойы қолөнермен айналысып келе жатқан Гүлстан Медетбекованың айтуынша, осындай мектепті ашу ойында біраз уақыт бойы жүрген, бірақ та, бір шешімге жақында ғана келген екен.
– Мен өзім қолөнермен айналасып жүргеніме көп жылдар болды. Осыған дейін жасаған туындыларымды шетелдердегі байқауларға және де көрмелерге апарып жүрген болатынмын. Осыдан біраз уақыт бұрын Өзбекстан еліндегі Маргилан қаласына барған кезде бір байқағаным: біздің бұйымдарға өзімізден гөрі, шетелдіктер көбірек қызығады екен. Ал, олардың қыздары осындай заттарды жасауға өте жақын болып шықты. Осыны көргеннен кейін қайтар жолда көп ойланып қазақ қыздарын, әйелдерін өзіміздің қолөнерімізге үйретіп, оларды болашақта осы сананы дамытуға өз үлестерін қосуға баулығым келеді деп түсіндім. Бұл ой менің санамда біраз уақыт жүрді, көп ойландым, содан кейін бір шешімге келіп Күлжан Әділханқызына барып, өз жоспарыммен бөлістім. Ол кісі мені мұқият тыңдап, бірден қолдап, маған талай көмек көрсетті. Сондай-ақ, ол кісі осы еріктілер жылының аясында тегін сабақтар өткізу туралы да ұсынысын айтты. Өзім де осы уақытқа дейін көптеген адамдарға тегін курстар өткізіп жүргендіктен бұл ұсынысты бірден қолдадым. Осылайша «Ықылас» мектебі пайда болды, – дейді шебер.
Мұнан бөлек, қолөнерші үш күндік курстардан бөлек өзінің мектебінде аптасына бір рет тегін сабақтар өткізеді екен. Сондай-ақ, аталмыш мектептің ашылуына орай Гүлстан Жандосқызының ауданымыздағы әйелдерге арнап орталық кітапханада наурыз айының 3-5 күні аралығында тегін шеберлік сабағын өткізгенін де ерекше айтуға болады. Аталмыш курсқа көп балалы, аз қамтылған және де мүмкіндігі шектеулі аналар мен студенттер, жалпы 11 адам қатысты. Сабақ барысында Гүлстан Жандосқызы қатысушыларға бет жағы құрақтармен оюланған бөстек тігуді үйреткен еді. Кеше аталмыш тегін сабақтардың өткізілуі аяқталды. Осыған орай курс барысында өзін жақсы жағынан көрсетіп, сапалы әрі әдемі бөстек тіккен әйелдер арасынан үздік болып шыққан қаскелеңдік жалғыс басты ана Кәмшәт Тлеуоваға, мүмкіндегі шектеулі Бақыт Тілеумұрат сыйлыққа тігін машинасына ие болды. Ал, оны аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова өз қолымен табыс етіп, қатысушыларға алдағы уақытта осы сала бойынша биік белестерді бағындыра беруді тіледі. Өз кезегінде аталмыш тегін курсқа қатысушылар осы игі істі қолғап алып, оны іске асырған Күлжан Әділханқызы мен Гүлстан Жандосқызына үлкен ризашылықтарын білдіріп, тіккен бөстектерін курс үшін орын бөліп берген кітапхана директоры Ұлдархан Өтеева мен қызметкерлеріне тарту етті.
Олай болса, осындай бір ауқымды істі қолына алып, ежелгі дәстүрімізді жаңғыртып қана қоймай, қолынан келгенше көптеген әйелдерге ісін бастауға көмектескісі келетін қолөнерші Гүлстан Жандосқызына алдағы жұмыстарына сәттілік, еңбегіне толағай табыс тілейміз. 8 наурыз мерекесі құтты болсын!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.