Ауданымыздағы спорт кешеніндегі шаршы аланда республикамыздың бірқатар облыстарынан келген 140 жас былғары қолғап шеберлері бас қосып, жұдырық түйістіріп, өзара мықтыны анықтады.
Өткен нөмірде айтқанымыздай, ақпан айының 24-29 күндері аралығында аудан орталығында орналасқан №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокстан ҚР чемпионатының «Шығыс» аймақтық біріншілігі өтті. Балалар арасында боксты насихаттап, олардың спортқа деген қызығушылығын артттыру, сондай-ақ, КСРО кезіндегі спорт шебері, ҚР жоғарғы ұлттық дәрежедегі төрешісі Серік Жақыповты еске алу мақсатында ұйымдастырылған сайыста елордамыз Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарынан келген 140 жасөспірім күш сынасты. 2006-2007 жылдар аралығындағы жас өрендер жиналған бұл сайыстың әділетті өтуін Қарағанды, Ақмола, Алматы сияқты бірқатар облыстардан келген халықаралық дәрежедегі АІВА (Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) төрешілері қадағалады.
Жас боксшылар бәсекесінің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Құрметті қонақтар, жарысқа қатысушы спортшылар, сіздерді бүгінгі спорт жарысының ашылуымен құттықтаймын. Біз бүгінде қолына бокс қолғабын киіп, спортпен шұғылданып жүрген жасөспірімдер – мына сіздер ертең ел үмітін ақтайтын спортшыға айналатындарыңызға үлкен сеніммен қараймыз. Тек биіктерден көрініп, еліміздің, жеріміздің намысын халықаралық дәрежелердегі сайыстарда қорғайтын үлкен спортшылар атануларыңызды тілеймін. Бүгін түндігін түрген бокс жарысында барлықтарыңызға ақ жол тілеймін – деді ол. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары мұндай жарыстардың жасөспірімдерді тәрбиелеу үшін маңызы зор екеніне де тоқталып өтті.
Мұнан бөлек ашылу салтанатында Жамбыл ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақберген Қайлыбаев та сөз сөйлеп, балғын боксшыларға сәттілік тіледі. Облыстық жарыстарда жеңімпаздар атанып, тыңғылықты дайындықпен келген балғындар 4 командаға бөлініп, 33 кг пен 55 кг салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.
Сайыс барысында көз жеткізгеніміз, бокс әліппесін енді үйреніп жүрген жас спортшылар кәнігі боксшылардай қимылдап, жеңіске деген жігерін таныта білді. Бес күнге созылған жарыстың нәтижесінде қарасайлық Алдияр Мелс, Владислав Первушин, Шамиль Сагидоллаев сияқты тағы да 13 бала І-ші орынды иеленсе, Дияс Берікбай, Шәмші Балтабаев және де тағы 13 жасөспірім ІІ-ші орынға табан тіреді. Ал, Арнур Айтказин, Ұлан Қуанышбай мен бірге тағы да 28 боксшы ІІІ-ші орынды қанжығасына байлады.
Жүлделі орыннан көрінгендердің барлығы арнайы сыйлықтарға ие болды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.