Осы аптаның сәрсенбісінде ауданымызға қарасты Әйтей ауылдық округіне жаңа әкім сайланды.
Еске сала кетейік, бұған дейін ауылдық округ әкімінің қызметін атқарған Қайсар Кикимовтың зейнет жасына жетуіне байланысты, бұл округке жаңа әкім сайлау мақсатында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысы жарияланған еді. Осыған орай округ әкімі қызметіне үш үміткер ұсынылған болатын. Сол кандидаттардың ішінен әкімдікке халық қалаулыларының дауыс беруімен көп жылдар аудандық, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдерінде, статистика саласында қызмет атқарған Жарқын Қатубаев лайықты деп танылды.
Дәл осы күні Әйтей округі әкімдігіне аудан әкімінің орынбасары Қанат Айманов арнайы келіп, жаңа басшыны таныстырды. Сонымен қатар, округтің жұмысын одан әрі жетілдіріп, дамытуға үлкен үлесін қосатындығына сенім білдіретіндігін айта келе, жұмысына сәттілік тіледі. Ал, округтің жаңа әкімі Жарқын Қанатұлы өзіне артылған сенім үдесінен шығатынын айтып, еңбегін бағалап, қолдау көрсеткен аудандық мәслихат депутаттарына алғысын білдірді. Кездесу барысында Әйтей округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Шәріпқұлық пен Әйтей ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Жүнісов сөз алып, жаңа басшыдан күтілетін нәтиже көп екен айтып, бастап жатқан жұмысына сәттілік тіледі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.