Бұған дейін жоғарыда аталған байқау ережесіне сәйкес, аудандық партия филиалында арнайы комиссия құрылып, барлық бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына сайыстың ережесі мен талаптары толықтай түсіндірілген болатын. Жалпы, конкурсқа 11 ұйым қатысуға ынта білдірген. Оның ішінде, 100 бен 500 аралығындағы партия мүшесі бар БПҰ-нан 2-ші санат бойынша бес ұсыным, 500-ден 5000-ға дейін партия мүшесі бар БПҰ-нан 3-ші санат бойынша алты ұсыным қабылданған. Осы жиында кезек-кезек барлық БПҰ өздерінің бір жыл көлеміндегі атқарған жұмыстарын бейнеролик, слайд және фотоальбомдармен көрсетіп, комиссия мүшелеріне таныстырып шықты. Байқау барысында партияның жеті жобасы бойынша бастауыш партия ұйымдарының атқарылған іс-шаралары, жаңа тәсілдерді қолдануы, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы және жастармен бірлесіп атқарған жұмыстары назарға алынды. Барлық үміткерлердің жұмыстарын тыңдаған комиссия мүшелері критерийлер бойынша бағалап, кейбір кемшіліктерді айтып шықты. Сайыс қорытындысында аталмыш ұйымдардың төрағаларының іскерлігі, білім көкжиегінің кеңдігі, саяси дайындығы мен лидерлік қасиеттері толық ескерілді. Сонымен, барлығынан озат шығып, жұмысын жақсы көрсеткен Ержас Тоқтасынов төрағалық ететін Бірінші Май бастауыш партия ұйымына 2-ші санат бойынша 1-орын бұйырды. Ал, 2-орынды Бақытгүл Жұманбаева бастаған Елтай БПҰ жеңіп алса, 3-орынға Алпамыс Айдаров жетекшілік ететін Жандосов БПҰ табан тіреді. 3-ші санат бойынша алғашқы орынды Ғалия Аманова басқаратын Жаңашамалған БПҰ иеленсе (суретте), 2-орынды Ришат Кулунчаков төрағалық ететін Ұмтыл БПҰ жеңіп алды. Соңғы жүлделі 3-орыңды Бексұлтан Ақылбек басқаратын Шамалған БПҰ қанжығасына байлады. Енді, алдағы уақытта жеңімпаз Жаңашамалған және Бірінші Май бастауыш партия ұйымдары облыстық деңгейде өтетін жарыста аудандық филиалдың намысын қорғайтын болады.
Жалпы, жеңіске жеткендерді комиссия мүшелері марапаттап, диплом және бағалы сыйлық табыс етті. Сондай-ақ, ел тағдыры үшін атқарылып жатқан барлық игі істер Елбасының сарабдал саясатының арқасында екендігін «Нұр Отан» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ықылас Амалбек нақты айтып, сайысқа қатысушыларға алғысын білдірді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.[:]