Үлкенге құрмет көрсету – біздің халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі. Осы ретте аптаның сейсенбісі күні аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова ауданымыздағы «Нұр Отау» пансионатына арнайы барып, орталықтың қарияларының хал-жағдайларын сұрап қайтты.
Күлжан Әділханқызы бастаған бір топ қадірлі қарттардың мекеніне жай бармай қолдан тігілген 40 бөстек пен тәтті тағамдар ала барып, оларды сыйға тартты. Сонымен қатар, осы күні қарттардың көңіл-күйін аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары да көтеріп, оларға ән шашуларын арнады. Шарада сыйға тартылған бөстектерді ауданымызда осыдан бірнеше жыл бұрын ашылып, өзінің тігін ісін дөңгелетіп келе жатқан «Ықылас» қолшебері мектебінің тігіншілері жасаған болатын.
Қарасайлық Гүлістан Медетбекова ашқан бұл мектепке жақында, Волонтер жылы қарсаңында Күлжан Дүйсенова қол ұшын беріп, аудандық Мәдениет үйінінің ғимаратынан орын тауып, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жағынан жәрдем көрсеткен. Сондай-ақ, мұндай қолдаудың арқасында биыл осы шеберхана еріктілер жылы аясында көп балалы, жағдайы аз қамтылған отбасындағы, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балалары бар аналарға тегін іс тігу сабақтарын өткізіп жатыр. Міне, осы игі бастаманың алғашқы жемісі ретінде аталмыш мектептің өкілдері аудан әкімінің орынбасарымен бірге жоғарыда айтып өткендей, қарттар пансионатына барып, алғашқы жұмыстарын қарияларға тарту етіп, олардың көңіл-күйлерін көтерді. Өз кезегінде қолөнер туындыларына дән риза болған ата-әжелеріміз ұйымдастырушыларға үлкен алғыстары мен ақ баталарын берді.
Ортамызда жүрген қарияларымыздың бір кезде елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ұмытылмайды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.