Ауғанстандағы соғыс, анығын айтқанда, кешегі келмеске кеткен Кеңес өкіметі үшін ең соңғы соғыс еді. Ондаған мың адам жіберіліп, он жылға созылған аталған қанды шайқасқа қазақстандықтардың да қатысып, ерлік пен батырлықтың үлкен үлгісін көрсеткенін баршамыз білеміз. «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген Үкіметтің өкінішті ұранының арқасында енді ғана 18-ге толған бозбалалар Ауған жерінің топырағын басып, дәмін татты. 1979 жылы осы ана сүті ауыздарынан кетіп үлгермеген балаң сарбаздар атақ-даңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан түскен еді…
Сондай азаматтың бірі – ауданымыздағы Райымбек ауылының тұрғыны Дінәсіл Жұмағұлов. 1962 жылы 25 қарашада дүниеге келген Дінәсіл аға 1981 жылы он тоғыз жасқа толған шағында әскерге алыныпты. Алдымен Түркмения жеріндегі Ашхабад қаласында алты ай механик-жүргізуші оқуын бітіріп шығады. Дайындықтан кейін ол да өзгелермен бірге сол уақытта айрықша алапат ыстықтай күйдіріп тұрған, оттай жанып тұрған Ауғанстандағы Газни қаласынан бір-ақ шыққан. Сонымен Ауған жеріндегі қадам басқан сайын ажал сеуіп бұрқ-бұрқ еткен от пен ысқырған, ышқынған оқтың ортасына түсті де кетті…
Бірақ, кішкентай кезінен қимылы ширақ, ылдым-жылдым, не нәрсені де тез үйреніп алатын жігерлі жігіт соғыс жағдайына тез бейімделді. Сөйтіп, қарулас достарымен бірге талай тажалдай тап болған айқас пен қар жастанып, мұз төсенген қиын-қыстау күндерді басынан өткерді. Ол майдандағы ең жауапкершілілігі ауыр сапер ротасында механик-жүргізуші болды.
– Тау-тасы мол, жер бедері ойлы-қырлы, оңайлықпен өте алмайтын асуы көп, өткел бермес суы да бар Ауғанстандағы бұл соғыс негізінен партизандық соғыс дегенге көбірек келеді, – дейді кейіпкеріміз сол бір ауыр шақты есіне алып. – Алайда, бәріміз де жанқиярлықпен соғысып, мойнымызға жүктелген міндетті іске асыруға, қандай жағдайда да берілген бұйрықты орындауға бар күшімізді салып, интернационалдық борышымызды адал атқардық деп сеніммен атап айта аламын!
…Бірде Дінәсіл ағамыздың басында мынадай оқыс оқиға болыпты. Әскерлік борышын өтейтін уақыт аяқталып, үйге қайтуға дайындалып жатқан сәт. Киімдерін жинау үшін екі-үш солдат командирмен бірге ротада қалған. Бір кезде олар отырған аймақта ауған әскерлерінің жүргенін ескертеді. Содан тез арада берілген бұйрық бойынша барлығы алға қарай асығыс машинаға отырады. Бұрыштан бұрыла бергенде күтпеген тұстан тура қарсы алдынан гранатомет көтеріп, өзін дәл көлікті көздеп тұрған солдатты көреді.
– Шынымды айтсам, ажалмен бетпе-бет келді деген осы шығар. Дәм-тұзым таусылып, біткен жерім осы-ау деп ойладым, – дейді Дінәсіл аға. –Сол мезетте бүкіл өмірім көз алдымнан кинолентасындай зымырап өте шықты. Бірақ, уақытылы машинаның басын гранатомет атылғанша бұрып үлгердім. Мақтанғаным емес, осылайша қасымдағыларды епті қимылымның арқасында құтқарып қалдым.
Иә, Дінәсіл аға құрамында болған сапер ротасында талай рет жаумен бетпе-бет келіп, айқасқа түскен.
1983 жылы аман-есен елге оралады.Қазіргі кезде ауған соғысының ардагері Дінәсіл Құрманқұлұлы зайыбы Светлана Жұмағұловамен бірге ел қатарлы тірлік етіп, өмір сүруде. Олар үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда бес бірдей бүлдіршінге ата апа атанып отырған жайлары бар. Әскерден оралған соң, совхоздар тараған уақытқа дейін ауыл шаруашылық саласында еңбек етті. Бүгінде күзетшілік жұмысында істейді. Елім деген ердің ерекше еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ауған соғысының ардагеріне Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 15 жыл, 20 жыл, 25 жыл, 30 жыл ордендерімен, «КСРО қарулы күштеріне 70 жыл», «Әскері еңбегі үшін», «Қарулы күштер» «Ауған халқынан интернационалист жауынгерге ризашылық білдіру» медальдарымен марапатталған.
– Құдай енді мұндай соғыстың бетін аулақ қылсын, оны бұдан былай ешкімнің басына бермесін, әрдайым қазіргідей бейбіт заманның салтанатын көрейік! – дейді сөз аяғында кейіпкеріміз. Батыр тұлғалы ержүрек жауынгер кейіпкеріміздің айтқанына біз де толық қосыламыз.
Бұрым ОРЫНБАСАР.