Жуырда ережесіз жекпе-жектің шебері Альберт Туменовтың жарыста ұтқан белбеуі Шамалғандағы «Атамекен» музейіне тапсырылды.
Жеңіл салмақтағы чемпион атағы үшін күрес 2019 жылдың 29 қарашасында өткен. Бұл жекпе-жекте Альберт ресейлік спортшы Беслан Ушуков екеуі чемпиондық атаққа таласқан болатын. Ол еш қиналмастан өзінің қарсыласын екінші раундта нокаутқа түсіріп, жеңіске жетті. Осыдан кейін ресейлік спортшы чемпиондық белбеуін Қазақстанда қалдыратындығын айтқан.
– Бұл белбеу дәл қазіргі сәтте мендегі ең құнды дүние. Қазақстан мен үшін, халқым үшін екінші Отан саналады. Бұл белбеуді барша қазақ халқына қалдырғым келеді. Халқымызды осы жерге қоныс аударғанда шынайы көңілмен қарсы алған болатын. Сол үшін үлкен ризашылығымды білдіремін. Қазақстандықтарға менен естелік болуы үшін бұл белбеуді осында қалдыру туралы командаммен, достарыммен бірге шешім қабылдадық, – деген болатын спортшы жарыстың соңында.
Иә, расымен кезінде балкар ұлтының өкілі Альберттің отбасы атамекенінен Шамалған ауылына еріксіз қоныс аударған. Қазір ол Ресей мемлекетінде тұрғанымен, қазақ еліне деген ықыласы ерекше. Сондықтан да қараша айындағы жарыста жеңіп алған белбеуін Қазақстанға сыйға тартамын деген тілегі ескеріліп, жерлестері Музафар Гекиев бастаған бір топ азаматтар аманатын қазақ еліне жеткізді. Оларды аудан әкімі Жандарбек Далабаев бастаған аймақтың спортшылары ерекше ықыласпен қарсы алды. Альберттің бұл ілтипаты көпке екендігін тілге тиек еткен аудан басшысы, оның жеткен жетістіктерінің насихатталуы жастардың бойына ерік-жігер сыйлайтынын да айтты.
Жүлделі белбеуді Жандарбек Ермекұлы салтанатты түрде қабылдап алды. Ал, оны алдағы уақытта сақтау және көз тартар арнайы жерге орналастыру үшін музейдің директоры Адиля Коржумбаеваға тапсырды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.