Алатау бөктерінде орналасқан, жергілікті халқының ауызбіршілігі мен ынтымағы бекем, үлкенге құрмет пен кішіге ізет әрдайым салтанат құрып тұратын Жандосов округіндегі аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың тұрғындармен есепті кездесуі де жылы шырайлы жақсы жағдайда өтті. Оған Алматы облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары Ілияс Шайнүсіпов қатысты.
Алдымен аудан басшысы тұрғындарға өткен жылда атқарылған жұмыстың қорытындысын баяндады. Оның ішінде, әрине, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына сараптама жасап, жеткен жетістіктер мен әлі де жалғасын тауып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Атап айтқанда, аудан басшысының ұйытқы болуымен тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар оңды істер қолға алынған болатын. Мысалы, өткен жылы Жандосов ауылында учаскелік полиция пунктінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Ағымдағы жылы Шалқар ауылының жаңа көшелеріне құбыр тарту жұмыстары жалғасын табатын болады. Оған қоса, Жандарбек Ермекұлының қолдауымен сан жылдар тізбегінде күн тәртібінен түспей келе жатқан ауыз су мәселесі түбегейлі шешілмек. Яғни, сумен қамтамасыз ету жұмыстарына қажетті қаражат бөлінген. Енді республика көлемінде жарияланған байқаудың шешімінен соң осы жылы жүзеге асырылатын болады.
Алайда, тіршілік болған жерде тұрмыстық мәселелердің туындауы заңдылық. Соның бірқатары осы аудан әкімінің есептік жиынында көтеріліп, ортаға салынды. Мәселен, мәдени ошақтардың қалыптасуы, дәрігерлік амбулатория мен балабақшаның қажеттілігі жайлы айтылды. Ауылдағы ескірген пошта бөлімшесін ретке келтірсе деген өтініш жасалынды. Оған қатысты аудандық пошта торабының басшысы Ұлықбек Қапалбеков бірден жауап беріп, бұрынғы орнына жаңа ғимарат салу биылғы жоспарда тұрғанын айтып қуантты. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз ететін «Сигма» ЖШС-нің қызметіне сын айтты. Яғни, жаз кезінде тұтынушылардан газға артық төлем алынса, халық қыста қиналмайтынын алға тартты. Аудан басшысы бұл мәселені толығымен тыңдаған соң, сауалды осы жиынға қатысып отырған аталған мекеменің өкіліне қойды. «Сигма» ЖШС-інің қызметкері бұл сұрақтың қарастырылғанын, алдағы уақытта шешімін табатынын айтып, уәдесін берді.
Ал, Жандарбек Ермекұлы өз кезегінде берекесі бекіген округ тұрғындарының ауыз біршілігіне деген ризашылығын жасырмай, айтылған ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын, қазіргі кезде Шалқардағы ескі мектеп ғимаратын балабақшаға айналдыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын сөз етті.
Жиын соңында аудан әкімі әдеттегідей кейбір әлеуметтік мәселелерді тиісті бөлім басшыларына тапсырып, күрделі жұмысты қажет ететін істердің уақыт талабымен іске асатынын түсіндірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.