Осы аптадағы сәрсенбі күні Жамбыл ауылдық округіндегі жаңа мектеп ғимаратында аудан әкімі Жандарбек Далабаев өзінің кезекті есеп беру жиналысын өткізіп, онда жергілікті тұрғындардың мазалап жүрген сауалдарына жауап берді.
Жиынға әдеттегідей аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық бірқатар бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Есептік кездесуде алдымен аудан басшысы өткен 2019 жылда атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді баяндап, алдағы уақытта жоспарға сай жүзеге асатын мақсат-міндеттерді сөз етті. Сондай-ақ, Жандарбек Ермекұлы биыл Жамбыл округінде салынған дәрігерлік амбулатория мен полиция учаскесінен бөлек, келер жылы Батан ауылында 450 орындық мектеп салу жоспарланып отырғанын да айтып өтті. Мұнан кейін ол жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталып, олардың шешімі жоспарлы түрде жүзеге асатынын жеткізді. Әсіресе, жамбылдықтарды алаңдатқан қатты кернеудің салдарынан жарықтың жиі өшіп-жану мәселесі шешімін тауып, ол жақында ғана Батан ауылында ашылған «Қаскелең – 220» қосалқы стансасы арқылы ретке келетіндігін түсіндірді.
Аталған мәселелерден басқа, басқосуда тұрғындар тарапынан тағы да басқа өзекті мәселелерге байланысты сұрақтар қойылды. Мәселен, Қошмамбет ауылының тұрғыны Сайлаубай Ғасырбаев ауылдағы мектепте 2000 бала үш ауысыммен оқитынын, екі аялдама тұрған көшелерде жарық шамдары мен пошта ғимаратының жоқтығын айтып, осы мәселелерге байланысты көмек көрсетуін сұрады. Өз кезегінде аудан әкімі мектеп пен пошта мәселесін келесі жылы шешіп беретінін айтып, ал, жарық мәселесін шешуді тұрғын үй-коммуналық бөліміне тапсырды. Осы ауылдағы Бейбітшілік көшесінің тұрғындары көшелерінің жүруге қолайсыздығы өздеріне және балаларына жайсыздық әкелетіндігін және жарық жиі өшіп қалатынын тілге тиек етіп шағымданды. Ал, батандық азамат халыққа тыныштық бермейтін қаңғыбас иттердің күннен-күнге көбейіп бара жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, Ұлан ауылындағы Түркістан көшесінің тұрғындары жарық мәселесінен бөлек, жолдарда автокөлік жүргізушілеріне арналған жылдамдықты шектеу белгісінің жоқтығын айтты. Жиында мұнан өзге жергілікті жұртшылық біраз көшелерде тас жол мен жаяу жүргінші жолы мен тікелей Алматы қаласына қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығын, кешке серуенге шығып, демалатын саябақтың жоқтығы сияқты тағы да бірқатар мәселелер туралы өтініш-тілектерін білдірді. Жұртшылықтың бірқатар сауалдарын тыңдаған аудан басшысы бұл мәселелерді шешуді тиісті бөлім басшылары мен округ әкімі Тұрарбек Ташовқа жүктеді.
Жиын соңында округ тұрғындарының атынан бір жылдың ішінде істелген көптеген жұмыстарға баға беріліп, алғыс айтылды. Ал, аудан басшысы Жандарбек Далабаев өз кезегінде барлық мәселелер бірте-бірте шешілетіндігін, бірақ, ол үшін де жұрт болып бірігіп жұмыс атқару керектігін айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.