Жақында аудан бойынша дәстүрлі түрде жыл сайын әртүрлі жас аралықта өтетін шахматтан XIX чемпионат ойыны ұйымдастырылған болатын. Тартысты турнирдің іріктеу ойынына ауданға қарасты барлық елді мекеннен тәжірибесі мол 24 шахматшы қатысып, оның 12-сі ақтық сынға жолдама алды. Олардың қатарынан жыл сайын бұл турнирдің белді ойыншыларына айналған ақсақалдар да, аудан жастары да табылып, бақтарын сынап көрді
Айналмалы жүйеге негізделген жарыстың тартысты өткені ойыншылардың бір-біріне дес бермеуінен байқалды десек болады. Соңғы турдың алдында төрт ойыншы чемпиондыққа үміткер ретінде танылып, ой жүйрігінің арқасында алға суырылып шықты.
«Мықтыны мықты деу керек» дейді, осындай турнирдің өткізілуіне бастамашы болып жүрген Амандулла Әбдімұратов. Ардагер шахматшының бұлай айтуына турнирге жыл сайын қатысатын Кеңес атаның жеңімпаз атануы себеп болғандай. Неге десеңіздер, Елбасының сыныптасы – Кеңес Байбосынов аталмыш доданың тарихында биыл 11-ші рет чемпион атанып, ешкімге жол бермеген. Осы жолы да 80 сексеннің сеңгіріне шыққан шахматшы атамыз жеңісті сәтін тағы қайталады. Ал, чемпионаттың ІІ орыны Жандосов ауылының тұрғыны Кенжебек Ермекбаевқа бұйырса, қаскелеңдік Амандулла Әбдімұратов, Кеңес атадай мықтылар тұрғанда өзі үшін ІІІ орынның өзі жеңіспен пара-пар екенін мақтанышпен жеткізді.
Осылайша, бір аптаға жалғасқан аудан ішінде өткізілген турнир өз деңгейінде ойдағыдай аяқталды. Ақыл-ойдың спортын серік еткендер дәстүрлі доданың жаңғыруына, жыл сайын жалғасуына деген ізгі ниеттерін білдіріп жатты.
Дидар МУХАМАДИЕВ.