Кеңес өкіметінің тұсында ел ағаларының бірі атанған, халқы үшін аянбай еңбек еткен тұлғалардың бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.
Ұлтжандылығы ұрпаққа үлгі болған тау тұлғалы арда азаматтың еңбектері мен ел үшін атқарған игілікті істері тарих беттерінде мәңгі сақталмақ.
Димаш Ахметұлының жыл сайын атап өтілетін туған күні еліміздің әр аймағында түрлі іс-шараларға ұласып жатуы дәстүрге айналуда. Қарасай жерінде де мұндай жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді.
Ауданымызда қаңтар айының 11-13 күндері өткізілген осы жылдың алғашқы спорттық жарысы ретінде өткізілген мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевты еске алуға арналған, облыстық турнирді айтуымызға болады. Еркін күресті серік еткен болашақ чемпиондар Қаскелең қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өзара бақтарын сынады.
Сайыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Жандарбек Далабаев өзі қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, құрметті қонақтардың қатарында олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров сынды үлгі тұтар ағаларымыз болды.
Үш күнге созылған айтулы додаға еліміздің барлық өңірлері мен қалаларынан 600-ге жуық жас палуандар жиналды. Әрқайсысы күреске деген құлшыныстарын жан-жақты байқатып, шеберліктерін көрсетті.
Жасөспірімдердің салмақ дәрежесі әртүрлі болғанымен, 2006-2008 жыл аралықтағы ұл-қыздардың боз кілемдегі спорттық қарым-қабілеттері көпшілікті тәнті етті.
Ашық турнир үш күнге созылғандықтан, жарыстың жеңімпаздары соңғы күнде анықталды. Жалпы, жүлделі алтын медаль саны бойынша ең жақсы нәтижені Алматы қаласының палуандары көрсетті.
Алып шаһардың спортшыларынан қалыспаған қарасайлықтар да үш алтын медальға ие болды.
Міне, осылайша ұлттың перзенті Димаш Ахметұлының атындағы ашық турнир жоғары деңгейде өтіп, еркін күрестің ертеңгі чемпиондары өздерін жақсы көрсете білді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.