Қарасай ауданына жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, аудан әкімі Жандарбек Далабаевпен бірге, Қаскелең топтық су құбыры алғашқы кезегінің іске қосу кешенінде болды, Қаскелең қаласындағы қоныс тойына қатысты, сондай-ақ, Шамалған ауылында аудан жұртшылығымен кездесті.
Кезінде, Зағипа Яхияқызы топтық су құбыры жобасын жүзеге асыруға көп күш-жігерін жұмсаған еді, сондықтан іске қосу кешені аумағына барғанда, оның жұмыс принциптерімен, суды тазалау жүйесімен танысып, ол толық біткенде мұндай игілікпен қаскелеңдіктер ғана емес, тағы да 23 ауыл тұрғындары қамтылатындығын да атап айтты.
Қаскелең қаласындағы «Қарлығаш» шағын ауданында ол бес көп балалы анаға пәтер кілтін тапсыру рәсіміне қатысты, ал, Шамалған ауылында өткен жылдың желтоқсан айында ашылған Сервистік әкімдіктің қызметі қалай ұйымдастырылғанымен танысты. Депутаттың сұрақтарына округ әкімі Ержас Тоқтасынов пен Сервистік әкімдіктің қызметкерлері жауап берді.
Мұндағы қызмет электронды кезек тәртібі арқылы көрсетіледі. Мамандар ауылдықтарды аталуы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау мәселесімен қабылдап, бірыңғай жиындық төлем және басқа бағыттар туралы кеңес береді. Бұл жерде күту залы, әкімнің, мамандардың, ардагерлер кеңесінің кабинеттерімен қатар балалардың ойын залы орналасқан, сонымен қатар, азаматтардың онлайн режімде өтініш жасауына, (оның ішінде ауданның бірінші басшысына да), арналған орын қарастырылған.
Үмітхан Исабаева халық қалаулысына АЭК тағайындау бойынша жүгінді. Шамалған ауылында жалға алған пәтерде тұрады. Екі жас баласы бар: үлкені бес жаста ал, кішісі әлі үшке толмаған. Оларды жалғыз тәрбиелеуде екен. Зағипа Яхияқызы онымен сөйлесіп, әкімдік мамандарына АЭК пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жай-күйін түсіндірді.
Сәлден кейін дәл осы жердегі Сервистік әкімдіктің күту залында депутат аудан жұртшылығымен кездесті. Оның аясында Жандарбек Ермекұлы мен Зағипа Яхияқызы еліміздегі халықтың әл-ауқаты мен жағдайын жақсартуға арналған жұмыстар мен осы бағыттағы 20-ға жуық бағдарламалар жайында, Президент жариялаған Волонтерлер жылы туралы баяндап, қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.
Олардың бәрі де негізінен әлеуметтік сипатта болды. Мәселен, Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» денешынықтыру-сауықтыру кешені базасында дарынды балаларға арналған спорт интернатын салуды айтуға болады. Сол сияқты Бекболат ауылындағы орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу керек және қосымша жапсаржай салу қажет. Осындағы фельдшерлік-акушерлік пункт үйі де өте тар. Сонымен қатар, Бекболат ауылында да, Жандосов ауылында да мәдениет үйі жоқ. Депутат барлық айтылған мәселені де, ары қарай шешілуі үшін, өзінің назарына алатынын жеткізді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.