Ағымдағы жылдың алғашқы жұмыс күнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов пен Амангелді Дәуренбаев Қарасай ауданына келді. Алдымен Елордадан келген меймандарды аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева, аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов қарсы алды.
Халық қалаулылары бірінші кезекте Әйтей ауылында салынған мектепке ат басын бұрып, нысанның жай-күйімен танысты. Заманауи барлық талаптарға сай қажетті техника және құралдармен жабдықталған білім мекемесі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы тұрғызылған. 1200 балаға арналған, үш қабатты, ауласымен қосқанда 10905,2 шаршы метр аумаққа алып жатқан ғимараттың құрылыс жұмыстарын мердігер компания «U-Con-Two» Bi-Group ЖШС-і жүргізіп, нысанның салынуына 3,6 млрд. теңге бөлінген. Мектеп ғимараты геометриялық пішіндес үш қабатты білім және галерея арқылы өтетін екі қабатты әкімшілік-спорттық бөліктен тұрады. Оқу ордасында сабақ барысында пайдалануға арналған шеберханалар, кітапхана, киім ілуге арналған бөлме, өндірістік және тамақтану болып бөлінетін 200-ден аса балаға арналған асхана, сонымен қатар, әрбір спорт секциясына арналған киім ауыстыру бөлмелері, спорт және мәжіліс залдары, әкімшілік және оқу бөлмелері бар. Сыныптардың барлығы соңғы үлгіде әрбір пәннің оқытылу ыңғайлығына қарай жабдықталған. Әлі қолданысқа берілмеген мектепті депутаттар толығымен аралаған соң, ыңғайлылығына жақсы деген бағаларын беріп, кейбір тұстарына ескертулерін де айтты.
– Бұрын бұл мектеп ғимараты нашар еді, – деді Амангелді Айдарұлы. – Қазір, міне, проблема жақсы шешіліпті. Мектеп ұжымына ендігі тілегіміз – жемісті еңбек!
Келесі кезекте халық қалаулыларының іс-сапары Шамалған ауылындағы балалар мен жасөспірімдердің шынығуына толықтай жағдай жасалған « Úshqońyr» спорт мектебінде жалғасты. Жаттығуға арналған кешенде 1800-ге жуық оқушылардың шынығуына толық жағдай жасалған. Денешынықтыру-сауықтыру орталығы 5,9 га аумақты алып жатқан аудандағы сәулеті нысандардың бірі болып табылады. Мұнда болашақ чемпиондар еркін күрес, дзюдо, бокс, волейбол, жеңіл атлетика, таэквондо, футбол, үлкен теннис, жүзу, бадминтон,тай боксы, қол күрес, шахмат, самбо, қазақ күресі, баскетбол сынды спорт түрімен шұғылдана алады.
Ал, 450 адамға лайықты етіп тұрғызылған стадионда төрт жолақты жүгіру жолдары мен стрит-воркаут алаңдары жаттығам деушілерге арнайы жасалынған. Біздің жоғарыда айрықша атап көрсеткеніміздей, бірқатар спорт түрлеріне қатысты залдар мен арнайы бөлмелердің барлығы заманауи, соңғы стандарт үлгіде жабдықталған. Депутаттар спорт мектебінің хауызын көруден бастап, балаларды жүзуге жаттықтырып, өз білгендерімен бөлісіп жүрген бапкерлермен сөйлесіп, оған ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, нысанның арнайы бөлмелеріне бөлінген үйірмелерін аралап, ондағы жас спортшылармен танысты. Сапар соңында Қарасай жері әрдайым өзге өңірлерде үлгі ретінде айтылатын ерекше аудан екендігін тілге тиек етіп, алда да өсіп-өркендей беруіне тілектестігін білдірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.