Қазақтың бас ақыны – Абайдың шоқтығы биік шығармалары әлем әдебиетінің беттерінде де жарық көріп, оқырман қауымның санасында сақталғаны анық. Биыл, міне, ғұлама, ойшыл, тұлғаның туғанына 175 жыл толып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен айтулы мерейтой лайықты түрде атап өтілуі басты назарға алынғанын айтқым келеді.
Бүгін Ел Президенті ұлы ақынның құрметіне орай «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялап, оның сүбелі сөздері танымды тағылымға толы екендігін айта келе, қазақ халқымен ой бөлісті. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы Абай мұрасының қоғамға қажеттілігін айтып қана қоймай, қай-қайсымызға болмасын рухани азық бола алатынына да ерекше тоқталды.
Мақаланың мән-мағынасына үңілетін болсақ, Мемлекет басшысы ұлы ақынның шығармалары арқылы ұлттық болмысты, мемлекеттік мүддені, жаңа қоғамның жаңашылдығы сияқты өзекті тақырыптарды арқау еткенін көре аламыз. Соның аясында өзекті де көкейкесті мәселелердің шешімі бар екеніне де көз жеткізе аламыз.
Менің ойымша, Президент Қ.Тоқаев Абай шығармаларын мақаласына тұздық етуі бекер емес. Расында да, береке-бірліктің арқасында Абай ақылын алға тартып, өсиеттерін өнеге ете білсек, ел дамуы өркендей түседі деп ойлаймын. Сондай-ақ, келешекте ұлтқа қызмет ететін ұрпақ Абай аманатын арқалап өссе, мемлекеттің мәртебесі биік болатынына сенімдімін.
Серік ҚАЛИЕВ,
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.