Өткен аптада ауданымызда бүкіл әлемнің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және рухани жағдайына теріс ықпал етіп отырған діни экстремизм мен терроризмнің қаупін түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бейбітшілік пен татулықты арқау еткен мемлекеттің билігін күйретуге әсер ететін бүгінгі таңдағы қауіпті жаһандық мәселе – терроризм. Қазіргі уақытта терроризм мен эктремизмнің таралу қаупі еліміздің қауіпсіздігіне төнетін шынайы қатерге айналып отыр. Сондықтан да елімізде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың негізгі бөлігінің бірі болып саналады. Осы ретте, өткен аптаның сенбісі күні ауданымыздағы «Nur Otan» партиясы филиалының ғимаратында «Халықты терроризмнен қорғауды қамтамасыз ету» тақырыбында конференция өткенін айта кеткен жөн. Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған шараға аталмыш басқарманың аудан бойынша бөлім басшысы Әмина Абдраманова мен ҚР ҰҚК Академиясының терроризмге қарсы даярлау орталығында қызмет атқаратын Ли Евгений, Даурен Заурбеков, Руслан Асаубаев, Болат Шоманов, Руслан Иржанов пен Марат Бекжанов сияқты бірқатар мамандар, сондай-ақ, ауданымызға қарасты мектептердің мұғалімдері мен жастар қатысты.
Аталмыш жиынның мақсаты – аудан тұрғындарына діни қатынастар саласындағы заңна-малар нормаларын түсіндіру және діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру қажеттілігін тұрғындармен талқылау. Кездесу барысында дін саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері, Қазақстан Респуб-ликасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы соңғы жылда атқарылып жатқан жұмыстар, облыстағы діни ахуалдың жағдайы, деструктивті діни ағымдардан сақтанудың жолдары, ұлттық құндылықтардың дәстүрлі дінмен сабақтастығы, діни экстремизм мен терроризмнің қоғамға қауіптілігі жөнінде ақпараттар берілді.
Конференцияны облыстық ішкі саясат басқармасының талдау және болжау бөлімінің басшысы Әлия Құрманғалиева ашып, осы жиынның мақсаты мен міндетін түсіндіріп өтті. Ал, ҚР ҰҚК Академиясының терроризмге қарсы даярлау орталығынан келген мамандар «Қазіргі кезеңдегі террористік әрекетті бағалау. Тенденциялар мен қауіптер», «Терроризмге қарсы іс-қимылдың ұлттық жүйесі», «Қазақстан Республикасындағы террористік қауіптілік деңгейі және халықты терроризмге қарсы алғашқы даярлауды ұйымдастырудағы мемлекеттік органдардың міндеттері», «Деструктивті діни ағымдардың радикалды идеяларының таралуына қарсы тұру», «Терроризм туралы ақпарат бойынша терроризмге қарсы комитеттің тапсырмасы», «Терроризмге осал объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыптарында баяндамалар жасады. Сонымен қатар, олар экстремизм мен лаңкестікке қарсы мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі аспектілері туралы, деструктивті діндердің және жалған діни ұйымдардың таралуының алдын алу жөнінде әңгімеледі. Экстремизмнің түрлеріне тоқталып, өмірде болған оқиғалардан мысалдар келтірді. Сондай-ақ, мамандар қоғамдық орындарда, көшелерде «бомба қойылған» немесе «террорлық акті болайын деп жатыр» деген сияқты жалған ақпарат берген жағдайда адамның қандай жаза алатыны туралы да айтты. Мұнан бөлек шарада осы мәселе бойынша бүгінде біздің елімізде жасалып жатқан жұмыстар жайында да кеңінен талқылады.
Сонымен қатар, жиын барысында мамандар мұғалімдер мен жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, олардың аталмыш мәселені шешудегі айтқан ұсыныстарын тыңдады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.