Тәу етер тәуелсіздігіміздің тұғырын берік қалаушы, ел төріндегі тұрақтылық пен тыныштықтың ұйытқысы, сарабдал ойлы саясаткер, халқын кемел келешекке қарай жетелеген кемеңгер Көшбасшы, Мәңгілік Ел болуға байыппен бастаған ірі реформатор – Елбасының еңбегіне лайықты баға беру, құрметпен дәріптеп, кейінгі буынға үлгі тұту үшін белгіленген Тұңғыш Президент күні 2011 жылдан бері мемлекеттік мереке ретінде тойлануда. Кеше біздің қазыналы Қарасай жерінде де бұл мерейлі мейрам лайықты деңгейде атап өтіліп, оған аудан басшысы Жандарбек Далабаев бастаған барлық мекеме, комитет басшылары мен ұйымдардың өкілдері, ардагерлер және қоғам қайраткерлері, ардақты азаматтар қатысты. Сондай-ақ, аудандық Мәдениет үйінде қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тақырыбында кітап және қылқалам шеберлерінің еңбектерінен көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Аудандық Мәдениет үйіне лық толған көпшілік алдымен рухты әуенге ырғақты билеген өнерпаздардың сахналық көрінісін тамашалады. Мемлекеттік Гимн шырқалған соң, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ерен еңбегі мен қайраткерлік, көрегендік, ұлтжандылық сияқты қасиеттерін ұлықтауға арналған салтанатты жиынның құттықтау сөзін аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы сөйледі.
– «Қол бастаудан, сөз бастау қиын» деп даналарымыз айтпақшы, қандайда бір істі алғашқы болып бастау қиын да күрделі болмақ. Жаңа құрылған мемлекетті басқару, миллиондардың тағдырына қатысты жауапкершілікті мойнына алу, қайтпас қайсарлық, көзсіз ерлік екені даусыз. Ал, бүгінгі мереке, ХХІ ғасырдың жаңашыл да бастамашыл реформаторы, әлем таныған ірі саясаткер, тарихи тұлға Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегіне лайық, көпұлтты халқының көрсеткен биік құрметі мен ыстық ықыласы болмақ. Мемлекет басқарған сындарлы уақыттың қай кезеңінде де, Елбасы халқына алда болар қиындықтарды жасырмай, ақиқатын айтып, тығырықтан шығар даңғыл жолға бастады. Міне, сондықтан да қазіргі таңда Қазақстан халқы алғашқы Президентін шын мәнінде ұлы тұлға, көреген көшбасшы ретінде таниды, – деген аудан басшысы оны әрдайым мақтан етіп, құрмет тұтатынын тілге тиек етті.Сөз соңында жиналғандарға осы мерейлі мерекеге орай ізгі лебізін білдіріп, бірқатар түрлі сала қызметкерлерін ауданымыздың дамуына қосқан үлестері үшін Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады. Сонымен қатар, аудандық қоғамдық келісім және Қаскелең қаласы ардагерлер кеңестерінің төрайымы Несіпбала Әбділдаеваға Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Ауылым – алтын қазынам» форумында алған дипломын табыс етті.
Әрі қарай басқосу аудан өнерпаздарының дайындаған концертке жалғасты. Алғашқы болып сахнаға шыққан «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамбльдің әншілері Елбасының сүйіп тыңдайтын әндерінен попурри орындады. Одан кейін, Отанға, туған жерге, Ұлт Көшбасшысына арналған шығармалар арқау етілген бағдарлама барысында небір арнаулар шырқалды. Мерекелік кештің соңы «Қалбибі» өнер студиясының «Қазақстан» хорының орындауында Ермек Жұматаевтың сөзіне жазылған «Нұр Аға» әдемі әнімен түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.