Өткен аптаның сенбі күні, Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» денешынықтыру-сауықтыру кешеніне қарама-қарсы алаңда, көкпар ойыны болып өтті. Ұлттық спорттың төресі саналатын көкпарды өткізу эстафетасын көршілес аудан – жамбылдықтардан қабыл алған жергілікті атбегілер бұл сайысты Қарасай ауданының 90 жылдығына арнапты. Ол аудандық әкімдіктің қолдауымен спорт бөлімі мен өңірдегі барша көкпарға жанашыр жандардың ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.
Алдымен, ойын аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарының әуелете салған әндерімен, күмбірлете шерткен күйлерімен бастау алды. Көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарламадан соң жиналғандардың назары көкпарға ауды. Бұл сәтте сахнаға көтерілген Қарасай ауданының атақты көкпаршысы, қоғам қайраткері, атбегі Шәкизат Аманов пен Жамбыл ауданының құрметті азаматы, атақты атбегі Орынтай Әмірғалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған додаға Жамбылдан Ұзынағаш, Үмбетәлі, Қарғалы ауылының командалары, Қарасайдан Райымбек, Жандосов, Шамалған, Бекболат ауылының намысын қорғаған спортшылардың тобы қатысып, өзара бақ сынасты. Бұл ойынның бір ерекшелігі көкпаршы жігіттер тек өз ауылдарынан атынан қатыса алады. Сондықтан өз елді мекенінің абыройын түсірмес үшін нағыз айқасқа толы жарыс болатыны көрініп тұрды. Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын қазақ жігіттері ат жалын тарта мініп, салым салуға асықты. Өзара сайыста білекті жігіттер жерде жатқан серкені тақымға қысып, өз командасына ұпай жинау үшін күштерін жұмсады. Ұлттық ойын барысында ат дүбірі толастамай, қызу қанды жігіттер бір-бірін айқын басымдылықпен жеңді және де лайықты қарсылық көрсете білді. Бұл сайыстың әділ өтуін бас төреші Айдар Қойдаров және өзге де Бахтияр Азыханов, Дәулет Жанқойлықов, Азамат Шәкизан, Ерлан Лепесов сынды атбегілер бағалап, сарапқа салып отырды.
Бұл күні Ұзынағаштан келген «Намыс» тобының көкпаршылары жақсы ойын өрнегін көрсетіп, бірінші орынға лайық деп танылды. Ал, жүлделі екінші орынды ауданымыздың Райымбек ауылының ат ұстарлары иеленсе, үшінші тұғырдан Үмбетәлі ауылы командасы көрінді. Жеңімпаздарға демеушілердің қолдауымен арнайы сыйлықтар және қаржылай жүлде табыс етілді. Сонымен қатар, бұл жарыста үздік ойыншылар ретінде ауданымыздағы Жандосов ауылынан Мадияр Сағымбек, Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылынан Дулат Ноғайбеков пен Үмбетәлі ауылынан Елдар Жиенқұлов марапатталып, оларға он мың теңгеден ақшалай сыйлықтар берілді. Ұлттық спортты дәріптеуге арналған шара осылайша өз деңгейінде өтті. Ендігі кезекте жоғары дәрежеде қабылданып алынған көкпар жарысының эстафетасын қарасайлықтар Іле ауданына жолдады.
Аталған жарыстың ұйым-дастырылуына атсалысып, бас төреші болған Айдар Серікұлы қазақтың ұлттық спорт ойынының бірі – көкпарды ұйымдастыруға үлес қосқан Қарасай ауданының көкпаршылар қауымдастығына алғысын білдірді. Дүбірлі дода аяқталғаннан кейін тігілген қазақ үйлерде 400 адамға ас берілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.