Бүкіл әлемде краудфандинг алаңы түрлі қызықты идеялар мен әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудың тиімді құралы болып табылады. Мұндай үрдіс қазір Қаскелең қаласындағы Сулейман Демирел университетінде де қолға алынып, жастарға үлкен мүмкіндік берілуде. Мәселен, таяуда оқу орнының технопарк базасында IT және бизнес мектебінің студенттері әзірлеген стартап жобалардың тұсаукесері өткен болатын. Іс-шараның ұйымдастырушысы, студенттік технопарк координаторы Айнұр Байқараның бастауымен 17 үздік топ краудфандинг алаңын пайдалана отырып, әлеуетті инвесторларға өз жобаларын таныстырды. Жалпы, авторлардың стартап идеялары әртүрлі болды. Атап айтсақ, студенттер электронды коммерциялық қызмет көрсетуден бастап, эко-фуд сегментіндегі салаларға қатысты жобаларын ұсынды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, көрмедегі жобалардың ішінен «Некафе» онлайн нұсқасы сияқты стартаптар ерекше атап өтілді. Қысқаша сипаттасақ, бұл бастамада сатып алушылар ең алдымен үйге арналған үстел ойындары мен әртүрлі кітаптарға тапсырыс беріп, сыйлықтарды креативті әшекейлеу қызметін пайдалана алады екен. Бұл аз десеңіз, ол жобада, сондай-ақ, салауатты тамақ, смузи, жеміс кесектерінің өндірісі, студенттерге арналған репетиторлық платформа және «Apple» өнімдерін тікелей жеткізу қызметі сынды ұсыныстары да бар.
Студенттердің жобаларына жақсы бағасын берген білім ордасының профессор-оқытушылары оларға сәттілік тілеп, іс-шараны аяқтады. Ал, университет басшылығы жақын арада жас стартаперлерге өз тауарлары мен қызметтерін ілгерілету мен сату мақсатында арнайы алаң құруды көздеп отырғанымен бөлісті.