Елімізде мемлекеттік тілге және жер-су атауларына қатысты олқылықтар жоқ емес, баршылық. Алайда бұл аталғандардың айналасындағы заң жобасын бірі білсе, енді бірі одан хабарсыз екені де рас. Осы тақырыптың төңірегінде әңгіме өрбіту мақсатында аптаның алғашқы күнінде аудандық ішкі саясат пен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері Қаскелеңдегі аудандық орталық кітапханада саясаткер, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Досмахамбет Қалмаханұлымен кездесу ұйымдастырды. Қазақ халқына «Дос Көшім» деген ата-тегімен танылған ұлт жанашырының ойын тыңдау үшін ауданның бір топ ұстаздары мен жастар қауымы да келді. Сондай-ақ, Шара Қанатқұлқызы мен Ақлима Көсемова сынды ардагер ұстаздар да белгілі саясаткермен қатар отырып, көпшілікпен мемлекеттік тілге қатысты ортақ пікір алмасты. Ал, жиынды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ләззат Әуелбекова жүргізіп отырды.
Кездесу барысында «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшім алғаш сөз кезегін алып, бұл жиында мемлекеттік тіл және ономастика мәселелері жайында сөз қозғалатынын айтты. Шынымен де, бұл аталғандар қазіргі қоғамда өзекті тақырыптардың қатарында екені белгілі. Оның айналасында түрлі жетілмей жатқан ақпараттар да, шешімі табылмаған мәселелер жетіп артылады. Сол жөнінде кездесуге келген қоғам қайраткері өзінің ойын айтып, көбісі біле бермейтін кейбір заңдардан құлағдар етті. Сонымен қатар, Дос Көшім сөз арасында мемлекеттік тілдің айналасында әлі де ақсап жатқан дүниелер бар екенін жеткізіп, нәтижесі бар жұмыстарды да сөз етті. Мәселен, былтыр Алматы қаласында 100-ге жуық көшенің атауы өзгертілсе, қазіргі таңда кейбір аймақтардағы абстракті сөздердің де жойылуына септігін тигізуде. «Қазақ тілінің мәртебесі биік болуына негізгі бөгет – тілге деген қажеттіліктің жоқтығы» деп түсіндірген ұлт жанашыры осыдан 30 жыл бұрын қабылданған «Тіл туралы» Заңда көрсетілген міндеттерді де түсіндіріп өтті.
Осылайша, белгілі саясаткер мемлекеттік тілге қатысты мәселені сөз етіп, кездесуге келгендердің бірнеше сұрақтарына жауап беру арқылы жақын тілдесті. Кейбірінің ұсыныстарын да назарға алып, қашанда ашық әңгімеге дайын екенін айтты. Ал, жиын соңында аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы құрметті қонағымызға алғысын білдіріп, талай тың ақпараттарымен бөліскеніне ризашылығын білдірді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.