Бүгінгі таңда әр-әр жерде үлкен мәселе туғызып, халықты алаңдатқан жайттың бірі – түрлі діни ағымдардың ел арасына ішкерілей еніп, жастарымыздың санасын улап жүруі екендігі баршаға мәлім. Осы ретте еліміздің әр аймақтарында жастардың арасында тура діни ұғымды қалыптастыру, оның түп қазығын ұғындыру үшін ақпараттық топтар құрылып, олар жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Осы аптаның сейсенбісінде ауданымыздың ақпараттық-түсіндіру тобы Мәдениет колледжінің ғимаратында студенттермен кездесіп, «Діні беріктің діңгегі бұзылмас» атты тақырыпта түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында топ мүшелері – ауданның бас имамы Ринат Ташенов, Қаскелең қаласы әкімдігінің бас маманы Маржан Айткенова, аудандық теолог-инспектор Құрман Мағжан мен Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова бүгінгінің басты мәселесінің бірі болып отырған жат ағымдардың себеп-салдары жайында айтып, теріс пиғылды діни ағымдар мен дәстүрлі діннің ара-жігін ажырата білу керектігін түсіндірді.
Жиында ауданымыздың бас имамы Ринат Сейітқалиұлы Адам ата мен Хауа ана, адамның жаратылысы жайында әңгімелеп, тәкаппарлықтың кесірінен адамдар қаншама қателікке бой алдыратыны туралы мысалдар келтіріп, өмірге, білімге, өнерге құштар жастардың алдында имандылық, адамгершілік қасиеттерінің қаншалықты маңызды екені туралы сөз қозғады. Жақсылық пен жамандықтың, тәртіп пен келеңсіздіктің арасын ажырата білу жөнінде, сондай-ақ, қоғамға жат, түрлі діни ағымдардан аулақ болу туралы жиналғандарға ой салды. Сонымен қатар, қалалық әкімдіктің бас маманы Маржан Мырзахметқызы жиналған студенттерге егер де болашақта дін жолына түсіп намаз оқығысы келсе, дінге байланысты сұрақтар туындаса міндетті түрде бірінші кезекте мешіт имамдарына жолығып немесе ақпаратты тек Muftyat.kz сайтынан іздеу керектігін айтты. Ал, ауданымыздың теолог-инспекторы Құрман Мағжан интернет пен әлеуметтік желілерде жат ағым идеологиясының таралу қаупі мен оның салдары турасында ескертіп, кез келген ресурстың мәліметін сүзгіден өткізіп, ресми мамандардан кеңес алуға шақырды.
Соңында топ мүшелері жиын барысында студенттер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.