Мемлекеттік қызметшілер халықпен тығыз қарым-қатынаста болу арқылы олардың өтініштеріне үнемі мән беруі керек. Бұл олардың негізгі міндеттері десек те болады. Ал, жалпы мемлекеттік қызметтер тұрғындардың құқықтарына сәйкес жүзеге асатынын да ұмытпаған жөн. Жуырда аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында осы бағытта ақпарат беріліп, маңызды мәселелер аясында семинар өтті. Аудан әкімі аппаратының басшысы Айдын Әуесбай төрағалық еткен маңызды жиынға ауылдық округ әкімдерінен бастап, мемлекеттік қызмет саласына жауапты барлық мамандар қатысты. Басқосудың негізгі мақсаты – мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапалы болуына қатысты ақпараттарды ортаға салу және жан-жақты түсіндіру.
Жалпы, жиын барысында көптеген өзекті жайлар талқыланса, оның барлығы халықтың өтінішіне байланысты көтерілген мәселелер деуге болады. Ал, олардың шешімі жауапты мамандардың бір жақты кеңесуі арқылы түсіндірілгенін айтқан жөн. Семинарда алғаш сөз кезегін мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Еламан Омербаев алып, ол соңғы уақыттағы атқарылған жұмысты баян етті.
– 2019 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша барлығы 156 119 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде 11 276-сы қағаз түрінде болды. Сонымен қатар, мемлекеттік корпорация арқылы қағаз түрінде көрсетіле алатын қызметтер саны 60 515-ке жетсе, мемлекеттік қызмет берушінің электрондық жүйелері арқылы 84 328 қызмет көрсетілді. Тағы бір айта кетерлігі, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша бес қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылу фактісі анықталды, – деді Е.Өмербаев.
Сөз арасында бөлім басшысы Еламан Саматұлымен ортақ кеңесу мақсатында округ әкімдері және мемлекеттік қызмет бағытын ұсынатын өзге де мамандар түрлі сауалдарын қойды. Мәселен, білім, жер қатынастары сияқты салаларға қатысты түрлі мәселелер көтерілді. Олардың оңтайлы әрі бірден шешім табуы аудан халқының санына байланысты болып жататыны да айтылды. Осы ретте, ортақ ақылдасу кезінде Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы да сөзге аралысып, өз тараптарынан көрсетілетін қызметке де нақты жауап берді. Семинар соңында аудан әкімі аппаратының басшысы Айдын Әуесбай талқыланған мәселелердің барлығы өзекті екенін алға тартып, екі айда бір рет осы құраммен тағы кездесу болатынын жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.