Бірден бес бірдей көп балалы анаға пәтер берілді. Мемлекет есебінен сатып алынған үш бөлмелі пәтерлердің кілтін иелеріне аудан әкімі Жандарбек Далабаев салтанатты түрде тапсырды. Бір айта кетерлігі, бұлар сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспаналар санатына жатады.
Аталған қуанышты рәсім Қаскелең қаласы, «Қарлығаш» шағын ауданындағы №148/1 үйдің кіре берісінде ұйымдастырылды. Жандарбек Ермекұлы өз сөзінде жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 13 отбасының тұрғын үймен қамтылатынын айрықша атап өтті. Олардың бесеуі үшін пәтерлер тікелей Қаскелеңнің өзінен сатып әперілсе, қалған сегіз отбасына ауылдық округтерде, атап айтқанда, Елтай, Жамбыл, Көлді, Бекболат, Шамалған, Тұрар ауылдарында және басқа жерлерде беріледі.
«Қарлығаш» шағын ауданына жаңадан қоныстанған бақытты көп балалы аналар – Бибінұр Байқара, Айман Чихибаева, Айсұлу Асылбаева, Сәуле Сопыбаева және Айгүл Ахметова. Олардың көбі үй алу кезегінде он жыл және одан да көп уақыт тұрыпты. Кейбіреуі екінші, үшінші топтағы мүгедек екен, ішінде «Күміс алқамен» марапатталғаны да бар. Бұл әйелдердің тағдыры мен жағдайы әртүрлі, бірақ, оларды осы жолы Елбасына, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс және аудан басшылығына деген зор алғыс сезімі мен үлкен қуаныштары біріктірді.
Жыл аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасымен аудан бойынша жалға берілетін сатып алу құқығынсыз пәтермен тағы да 20 отбасы қамтылатынын атап айтқан жөн.
Алдағы кезде дәл осы шағын ауданда әлі де көптеген қоныс тойы болмақшы. Бірінші қазанда мұнда, «7-20-25» бағдарламасы бойынша, 100 пәтер пайдалануға беріледі.
Өз тілшіміз.