Өнерлі жастарға қашанда жол ашып, талантын ұштайтын түрлі байқаулардың қатары аз емес. Осындай мәдени шаралардың кейбірі біздің ауданымызда да ұйымдастырылып, жас өрендерді үлкен сахнаға баулып келеді. Солардың бірі өткен аптаның сенбісінде Қаскелең қаласындағы Алтын ауыл орта мектебінде өткізілді. Нақтырақ айтқанда, «Talantty jastar» деп аталатын республикалық өнер-білім байқауына аудан бойынша көптеген оқушылар мен жас мамандар қатысып, түрлі жанр бойынша өз бақтарын сынады. Осындай доданы жүзеге асырып жүрген «Talantty jastar» продюсерлік орталығы мен Қарасай ауданының Жастар ресурстық орталығы екенін де айта кеткен жөн.
Жас өрендердің өнерге деген қарым-қабілетін шыңдайтын бұл байқаудың негізгі мақсаты – Жастар жылын қолдай келе, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары аясында және Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай жастарды рухани, мәдени жағынан дамыта отырып, өнер-білімдерін шыңдау.
Айтулы байқау бірнеше өнер түрінен өткендіктен қазылық етуге білікті мамандар да шақырылды. Атап айтар болсақ, олардың қатарында Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Темірхан Тебегенов, Қазақ Ұлттық консерваториясының ұстазы, хор дирижері, вокалист, хореграф Камила Есдәулетова, «Үркер» жастар шығармашылығын дамыту орталығының атқарушы директоры Нұрсұлтан Орыналыұлы және әнші, осы байқаудың бас продюсері Лескуль Джиенбетова болды.
Байқау барысында өнерлі білімгерлер вокал түрінен, аспапта ойнау, көркем сөз, би өнері сияқты түрлі дарындылық қабілеттерін жан-жақты танытып, барынша биік деңгейден көрінуге талпынды. Алайда, дода болғасын біреудің топтан оза шығуы заңдылық екені рас. Осы ретте, Қуаныш Тұрдыжан, Қауашақ Ырысқызы, Арман Жауынбай, Әмина Есетова, «Жас қанат» би тобы сынды және тағы басқа өнерлі жандарды ерекше айтуға болады. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылардың атынан арнайы Дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды. Ал, ерекше өнерпаздар мен жеңімпаз ұл-қыздарға арнайы түрлі сыйлықтар табыс етілсе, қатысушылардың бірқатары қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Талғат Жорабаевпен бір сахнада өнер көрсетті. Танымал әншінің келгеніне қуанған ата-аналар мен көрермендер де бірге ән шырқап, естелік суретке түсті.
Дидар МУХАМАДИЕВ.