Жуырда Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, оның жұмысын кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов жүргізіп отырды.
Отырыстың белгіленген күн тәртібі бойынша алғашқы кезекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы талқыланды.
Бұл аса маңызды мәселе жөнінде алдымен Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов сөйлеп, жан-жақты әңгімеледі.
– Баршамызға белгілі, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына өзінің алғашқы Жолдауын жариялады, – деді Сағат Ұлтарақұлы. – Осы орайда ең бірінші атап айтар жай, Президент ұсынып отырған реформалар еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси жүйесінде айтарлықтай оңды өзгерістерге жол ашады. Ал, олардың бәрінің де мемлекетіміздің одан әрі дамып, өсіп-өркендеуінің берік негізі болатыны даусыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында алға қойылған міндеттер мен мақсаттарды «Заман талабына сай тиімді мемлекет», «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика», «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген тақырыптарда топтап, оларды жүзеге асырудың нақты жолдарын жүйелеп, айқын көрсеткен. Бір нәрсе анық – Мемлекет басшысы егемен елімізді қарышты қадаммен алға бастырумен қатар, ең алдымен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеруді басты бағытқа алып отыр. Сондықтан да Қоғамдық кеңестің мүшелері Президент Жолдауындағы нақты міндеттер бойынша жұмыс істеп, олардың дәйекті іске асуына үлестерін қосуы тиіс.
Мұнан кейін Қоғамдық кеңестің мүшелері Айтбай Көшкімбаев, Едіге Жүнісбеков, Сағындық Жылқыбаев, Мәкен Төсекбаев сөз алып, ел өміріне ерекше серпіліс әкелген Президент Жолдауы жайындағы орнықты ой-пікірлерін ортаға салды.
Бұдан соң кеңес мүшелері «Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік қызмет көрсету көрсеткіштерінің орындалуы туралы» аталған бөлімнің басшысы Әлия Қыйлыбаеваның хабарламасын тыңдады.
Бөлім арқылы 13 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. 2018 жылы 5977 адамға 152,4 млн. теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілген. Ал, 2019 жылдың 1-ші қыркүйегіндегі жағдайды алсақ, 12 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бойынша жеңілдіктер беріліп, Ұлы Жеңіс мерекесіне орай бір жолғы әлеуметтік көмек берілген. 148 туберкулезбен ауыратын адамдарға бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетілген. Сондай-ақ, үш отбасына тұрғын үй көмегі беріліп, 91 отбасына мүгедек балаларды үйде оқыту ақысы төленген. Үстіміздегі жылдың 1-қыркүйегіне 3434 отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілген. Мүгедектер арнайы қозғалту құралдарымен қамтамасыз етіліп, оларды оңалту жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 18 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Бұл мәселе жөнінде Қоғамдық кеңес мүшелері – төраға Сағат Мәсімақынов және Әмина Абдраманова, Махмұдбек Жұмағұлов сөйлеп, қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік жағдайға көп көңіл бөлініп отырғанына назар аударып, бұл бағыттағы жұмысты одан ары күшейту керектігін айтты.
Отырыста үшінші кезекте «Шамалған бекетіндегі Қазақ орта мектебіндегі мемлекеттік қызметтерді көрсету саласында заңнаманың сақталмауы туралы» мәселе қаралып, бұл жайында мектеп директоры Анар Болымбекова баяндады. Кеңес мүшелері мемлекеттік қызмет көрсетудің өзіндік стандарттары бар екенін, оны бұзуға ешкімнің де құқы жоқтығын атап көрсетіп, алдағы кезде кемшіліктер жіберілмеуі жолында жұмыс істеу қажеттігін ұсынды.
Отырыстағы қаралған соңғы мәселе «Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну» мемлекеттік қызмет көрсетуі туралы» болды. Бұл жайында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбаев хабарлама жасап, кеңінен баяндап берді.
Жас мамандардың ауылдық жерлерге жұмысқа орналасу деңгейі бойынша Қарасай ауданы Алматы облысындағы ең жоғарғы көрсеткіштердің бірін көрсетуде. Жыл сайын осы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша, тиісті мамандар қажеттілігі ескеріле отырып, оларға берілетін көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған бюджеттік несие сомасы артуда.
Жалпы, 2009-2019 жылдарда 566 көтерме жәрдемақысы, 76899,2 мың теңге көлемінде, 451 білім, 111 денсаулық 3 мәдениет, 1 ветеринария қызметкеріне берілсе, 245 бюджеттік несие,
760 716,9 мың теңге көлемінде, 205 білім, 39 денсаулық, 1 мәдениет қызметкеріне берілген.
Кеңес мүшелері Сәбит Пішембаев, Сағындық Жылқыбаев, Әмина Абдраманова, Мәкен Төсекбаев сөз алып, Мемлекет басшысының бұл мәселеге де ерекше назар аударып отырғанын айтып, аталған бағдарламаның аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру керектігіне назар аудартты.
Отырысты кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов қорытындылап, әрбір қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.