Аудан әкімі Ж. Далабаев Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес туған жерін түлетуге атсалысып, әл-ауқаты әлсіз топтарға көмек қолын созып жүрген бір топ азаматтарды арнайы Дипломдармен, Алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлық тапсырды.
Қазақ халқы ежелден бауырмал, қонақжай, жомарт халық екені баршамызға мәлім. Әсіресе, ел ішінде халқының жағдайын ойлап жүретін жомарт азаматтар жетерлік. Ондай азаматтар өздерінен артылғанын жанындағыларға беріп, жомарттығын ешқашан да міндетсінбеген. Біздің Қарасай ауданында да «алғанды емес бергенді» жөн көретін жомарт жүректі азаматтар жетіп артылады.
Жақында ғана, яғни, осы аптаның алғашқы күні аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы туған жерінің түрленуіне барынша үлес қосып, қайырымдылық акцияларына белсене атсалысып жүрген жомарт азматтырды жинап, оларға республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығын салтанатты түрде тапсырды. Атап айтар болсақ, «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жылдың үздік ұйымы» номинациясы ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, елді мекендерді аббаттандыруға, демалыс бақтарды, ескерткіштерді салуға, қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік жасағаны үшін «Isker Company» АҚ-на табысталды. Сондай-ақ, осындай игі істермен айналысып, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, ата-анасының қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге қайырымдылық көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясына Данияр Абдиғапаров (суретте) ие болды. Аудандық іріктеу кезеңнін лауреат болып танылған осы азаматтар енді жобаның келесі деңгейіне өтіп, өздерінің бақтарын облыстық байқауда сынайтын болады.
Бір айта кетері, «Жомарт жүрек» байқауы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Атамекен» кіші бағдарламасының аясында мейірімді азаматтардың бойларындағы елдік ұстанымды аудан жұртшылығына кеңінен насихаттап, үздік тәжірибесін көпшілікке тарату мақсатында республика көлемінде биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.