Өткен аптаның жексенбісінде сағ.19.20 шамасында «Екатеринбург-Алматы» бағытындағы пойыз ауданымызға қарасты Шамалған бекетіндегі рельс бойында тұрған №456 бағыттағы автобусты соғып, ауыр жол апаты салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапқан еді. Оқиға орнына жедел жеткен аудан әкімі Жандарбек Далабаев тұрғындардың наразылығын тыңдап, халықпен қашанда бірге екенін айтып, жоспар бойынша салынатын көпірге қатысты пікірін білдірді. Сондай-ақ, Қарасай ауданының басшысы осы округтің тұрғындарымен сейсенбі күні арнайы кездесу өткізем деп те уәде берген болатын.
Аудан әкімі айтқан сөзінде тұрып, айтылған күні, белгіленген уақытта Жаңашамалған ауылдық округіндегі әкімдіктің алдында жұртшылықпен кездесу өткізіп, көптің алаңдатқан маңызды сауалдарына жауап берді. Бұл елді мекен ауылдық округтердің арасынан халық саны басым болғандықтан, қордаланған жайлары да жетіп артылады. Оның ішінде, әрине, әлеуметтік, жол, су, білім және тағы басқа салаларға қатысты шешімі табылмаған түрлі мәселелер де бар. Осы айтылғандардың түйткілін шешу үшін Жандарбек Ермекұлы өзінің орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына міндеттеп жүктеді. Алайда, бұл жиынның маңызды, әрі басты тақырыбы көпір мәселесі еді.
– Әрине, талап-тілектеріңіздің бәрі орынды. Оларды ескеретін боламыз. Жалпы, біздің бүгінгі жиналудағы басты мәселеміз – орын алған оқыс оқиғаның келешекте тағы да қайталанбауын қадағалау, – деді аудан әкімі көпшіліктің алдында сөз алып.
Жиын барысында талқыға түскен болашақта салынатын көпірге қатысты көптің пікірлері де, алып қосар ойлары да тыңдалды. Сонымен қатар, кездесуге арнайы Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Жаңабай Қобыландин, Алматы облысы бойынша жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев, сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ҰК-ның өкілі де қатысты. Өз кезегінде Бағдат Сайланбайұлы, жұртшылықтың тілегіне құлақ асып, көпір құрылысына қатысты орнықты ойын білдірді.
– Алдағы салынатын көпір құрылысының жобасына қатысты бірігіп ниет білдіретін азаматтар болса, өз ойларыңызды айтсаңыздар болады. Ұсыныстарыңызды жазбаша түрде өткізіп, тапсырсаңыздар, тіпті, жақсы, – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров
Келешекте іргетасы қаланатын көпірге байланысты өзінің сөзін жеткізу үшін Жанабай Нағимұлы да көпшіліктің алдында сөз алып, құрылыс жұмысы біткенше тұрғындарды сабырлы болуға шақырды. Сонымен қатар, аталған жоба бір күнде шешілетін мәселе емес болғандықтан, біраз уақытты талап ететінін де жеткізді.
Бірнеше сағатқа созылған жиыннан кейін аудан әкімі Жандарбек Далабаев кездесу барысында уәде еткендей, жиынға қатысқан білікті мамандармен, ауыл ақсақалдарымен және бірқатар тұрғындармен көпірдің құрылысы жүретін жерлерді аралап шықты. Бұдан бөлек, осы арнайы құрылған топ құрылыс жұмысы толық біткенше уақытша салынатын жолдардың ретін де қарастырып, ауыл арасын аралап шығуды жөн көрді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.