Адам баласы үшін білімнің орны бөлек. Білімі мол, оқыған-тоқығаны көп жанның жан сарайы нұрға толып, көкірегіне сәуле құйылады. Ойы орнықты, жұмысы жемісті болып, ісі ілгері жүреді. Туған еліне көп пайда келтіреді, өзінің де өмірі мәнді, тұрмысы сәнді болады. Ал, білімді беретін, ілімге қанықтыратын, әрине, алдымен мектеп, ұстаздар!
Осы орайда 100 жылда іргесі бекіп, керегесі кеңейген, бірлігі жарасып, ырысы тасыған бүгінгі Береке ауылындағы Мәсімхан Бейсебаев атындағы орта мектептің тарихы тереңде жатыр.
…1919 жылы 20 қыркүйекте Алматы болысының жиналысында, Байтұманов Қойкелді мен Сандықпаев Шүйіншінің ұсынысы бойынша, екі жерде бастауыш мектеп ашу туралы қаулы алынған. Оның біреуін Шилікемірде (Осташкино деп те аталған), екіншісін осы №5 ауылда (қазіргі Елтай ауылы) орналастыру келісілген. Облыстық атқару комитеті халық ағарту бөлімінің №28 бұйрығы негізінде алғаш ол екі жылдық сауат ашу түркі мектебі болып ашылыпты. Сөйтіп, 1919 жылы қазан айының 1-інен бастап 1 сыныпқа оқушылар қабылданған. Бұл мектептің ашылу күні деп есептеледі.
Мектепке арналған ғимарат болмағандықтан, алдымен ауыл тұрғыны Сәліпбай Назаровтың соқпа дуалдан салынған үйінің үш бөлмесі пайдаланылды. Оқу араб дыбысымен үндес орыс алфавиті негізінде жүргізілді. Мектепте 8-ден 40 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер оқыды. Сонымен қатар, сауатсыздықты жою (ликбез) сыныптары болды. Байтұманов Қойкелді осы мектептің орыс тілінен сабақ беруші мұғалімі әрі меңгерушісі болды. Бұл мектепке Жармұхамбет, Сталин (қазіргі Исаев), Көкөзек, Стаханов (Ұлан), Ленин (Қаратөбе), 9-колония (Жауғашты ауылы), Селекция (Мәдениет), Қошмамбет, Екпінді, т.б. жерлерден оқушылар келіп оқыған. Қойгелді Байтұмановтан басқа алғашқы мұғалімдер болып еңбек еткендер: М.Келгенбаев, Рахим Сахарбаев, Назаров Баймұхамбет, Жабашев Досжан, Рахимов Шортанбай, Құдайбергенов Шабарбай, Д. Бабашев.
1919 жылы алғаш ашылған 1 сыныпта Мәсімхан Бейсебаев (кейін Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды), Байботаев Сапар, Мықтыбекова Сусары, Байтұманов Бопа, Тазабеков Нұрсұлтан, Ынтықбаев Нұрғиса, Бибеков Ноғай, Осмяшкин Михаил, Мақашев Жүнісбек және т.б, оқыды.
Білім ұясы 1921 жылы бастауыш төрт жылдық мектеп болса, 1937 жылдан 1957 жылға дейін 7 жылдық орталау мектеп болған. Оқушылар саны көбейіп, қосымша ғимараттар салынып, шалғай ауыл мен малшылардың балаларына арналған интернат салынды. Алғашқы 7 жылдықты бітірген оқушылар: Искаков Мұхидын, Кереев Бекбосын, Түстікбаев Анарбек, Есімбеков Серікбай, Есімбекова Айтуған, Уалиев Базаралы, Архаров Бердімұрат, Төлебеков Қалимолда, Ибраймов Төлеубай, Жақсылықов Төлеубай. 1957 жылдан бастап орта мектепке айналды. Осы жылы мектепке Кеңес өкіметін орнатқан пролетариат көсемі В. Лениннің есімі берілді.
Алғашқы он жылдық орта мектепті бітіргендер: 10 «А» қазақ сыныбы оқушылары (сынып жетекшісі Жасыбаев Әбен) Абилов Ерікжан, Ажибекова Рымжан, Аязбаева Зоя, Жұбанышев Чапай, Искаков Таңжарық, Имамбердиев Жұмахан, Келмембетова Тұрсынай, Қуанышбаев Алдаберген, Маликбаев Қабида,Нұрниязова Ұлжан, Омарова Рауза, Оспанова Адия, Тосқанбаева Алтын, Тоқбергенова Тұрсынқыз, Шалғынбаева Райхан, Шегеев Сағынтай. 10 «Б» орыс сыныбы оқушылары (сынып жетекшісі – Гардер Григорий Яковлевич) – Ақжолтаева Бақыт, Амбарцумян Азат, Асланян Левон Асланович, Бейсенбиев Батырбек, Бейсенбиева Раяжан, Гниевский Владимир Леонтьевич, Дроздова Евдокия, Карапетян Артуш, Куценко Аркадий, Ли Петр, Мұатбекова Күлаш, Погосова Роза, Рамазанова Амина, Рамазанова Жамила, Ремер Адольф, Суть Жу.
1962 жылы мектеп Елтай ауылынан Молотов (қазіргі Береке ауылы) ұжымшарында жаңадан салынған мектепке көшірілді. Ал, 1972 жылы заманауи типтік жобамен салынған жаңа ғимаратқа орналасты.
ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 21 сәуірдегі №441 қаулысы бойынша В.Ленин атындағы мектеп мемлекет және қоғам қайраткері, ҚазССР Министрлер кеңесінің төрағасы болған, осы ауылдың тумасы Мәсімхан Бейсебаев атындағы орта мектеп болып өзгертілді.
Енді осы жерде мектепті басқарғандарды айта кетсек, олар: 1919 – 1936 ж.ж. Қ.Байтұманов, 1936–1940 ж.ж. М.Әбілов, 1940–1941 ж.ж. Т.Дүйсебеков, 1941– 1942 ж.ж. А.Тастеміров, 1942 – 1943 ж.ж. Ж.Аубәкіров, 1943 – 1944 ж.ж. К.Бекмағанбетов, 1944–1945 ж.ж. М.Ахметов, 1945–1947 ж.ж. Д.Донбаев, 1947–1949 ж.ж. Т.Райымқұлов, 1949 – 1951 ж.ж. М.Ихамберлин, 1951 – 1954 ж.ж. С.Габдуллин, 1954 – 1962 ж.ж. Х.Бекмагамбетов, 1962 – 1963 ж.ж. М.Қиқымов, 1963 – 1964 ж.ж. М.Бегалиев, 1964 – 1972 ж.ж. Ж.Рысмендиев, 1972 –1974 ж.ж. В.Н.Шин, 1974 – 1977 ж.ж. Т.Кабдолданов, 1977 – 1979 ж.ж. Т.Назаров, 1979 – 1980 ж.ж. З.Абенова, 1980 – 2004 ж.ж. Қ.Қосшығұлов, 2004-2009 ж.ж. Р.Ергашева. Ал, 2009 жылдың 1 қыркүйегінен мектеп директоры қызметін Бердибекова Гүлзира Бейсембайқызы атқарып келеді.
Бүгінгі таңда мұнда 1529 оқушы білім алуда. Мұғалімдер саны – 120. Мектептің көптеген түлектері елімізге танымал азаматтар. Мысалы: М.Бейсебаев – Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы, Б.Әшімова – ҚР Халық әртісі, Б.Ибрайым – филология ғылымының докторы, Қ.Әбдікәрімова – Халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылық конкурсының директоры, Б.Құтпанов – Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі, Л. Тұрлашов – Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары, М. Құлпейсов – Алматы облыстық ІІБ бастығының орынбасары, В. Шиндов – волейболдан әйелдер ҚР құрама командасының бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Ж.Закиров – еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР кубогының, ҚР Президенті кубогының жеңімпазы, Р. Баймаханов – Астана қаласы әкімдігінің сыртқы экономикалық байланыс бөлімінің басшысы, А.Амраева – ТМД елдеріне танымал балалар жазушысы және т.б.
Мұғалімдер арасында жоғары жетістіктерге жеткендер: Толстоногова Т.Н. – физика пәнінен мұғалімдер арасында республикалық олимпиада жеңімпазы, Жанәділ О.Б. – ҚР білім беру ісінің үздігі, география пәнінен бірнеше пәндік оқулықтар мен әдістемелік оқулықтардың авторы, Ашимова Ж.С. – 10 сынып неміс тілі оқулығының авторы.
Үздіктер қатарынан көрінген ұстаздар — Тастанбекова Г.И. – орыс тілі мен әдебиеті, Тойымбетова С.С. –қазақ тілі мен әдебиеті, Тазабекова Н. – математика, Тоқпаева Р.Х. – орыс тілі мен әдебиеті, Ургешова Г.И. – тарих, Иксатова Ғ.Қ. – химия, Құдайбергенова Ш.А. – шет тілі, Жасыбаева С.А. – орыс тілі мен әдебиеті, Уалиева Н.Б. – ән-музыка, Күренова Ж.Б. – физика, Алуева Р.А. – бастауыш, Акчурина Р.Ш. – физика, Маткаликова Т.Қ. – биология-химия, Жетеева Б.А. – шет тілі, Слямова Б.Р. – қазақ тілі мен шет тілі, Тлегенов Б. – сурет-сызу, Айтахова Ғ.О . – бастауыш сынып, Сәрсенбаева С.Қ. – қазақ тілі мен әдебиеті.
Мектеп түлектері ішінен ерекше табысқа жеткендер: Тоқсейтова Күләш –тұңғыш алтын, ал Суркова Зинаида – тұңғыш күміс медаль иегерлері, Жанадилова Раушан –биология пәнінен тұңғыш республикалық олимпиада жеңімпазы, Баймаханов Руслан «ХХІ ғасыр көшбасшысы» байқауының жеңімпазы, физикадан халықаралық олимпиада жүлдегері, Акчурина Әлия, Ашимова Ардақ неміс тілі пәнінен, Махатов Сағындық тарих пәнінен республикалық олимпиада жеңімпаздары. Малдыбаева Айкерім – облыстық «Жетісу аруы» конкурсының Гран-при иегері. Оқушылар арасындағы халықаралық ғылыми-зерттеу жоба байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері: Айтқожа Әмірхамидолла, Дарханова Сабина, Уалиева Меруерт І дәрежелі, Ушуров Дінмұхамед ІІ , Исенбаев Манас ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған. Үсен Диас 2015 жылы Қытайда өткен Халықаралық «Dream жұлдызы» атты ХІ фестивальда вокалдық топтан Алтын медальға ие болды (жетекшісі Н.Б.Уалиева).
1999 жылдан мектеп музейі жұмыс істейді. Онда осы білім ұясының бүкіл тарихы жинақталған. Сондай-ақ, атақты әнші, халық әртісі, марқұм Бақыт Әшімованың кабинеті ашылған.
Иә, өткен 100 жылдық тарихында мектебіміз жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге үлкен үлесін қосты. Бүгінде де ол аудан көлеміндегі алдыңғы қатарлы білім ұяларының қатарында.
Орынбасар ЖАНӘДІЛ,
ардагер ұстаз.
Суреттерде: 1. Мектептің атын өзгерту рәсімі кезінде Кеңес Одағының батыры, маршал Сағадат Нұрмағамбетов, ұлтымыздың тұғыры биік тұлғаларының бірі Асанбай Асқаров, халқымыздың аяулы қызы Шәмша Беркімбаева лентаны қиып тұр. 2. Алғашқы мектеп директоры Қ. Байтұманов. 3. Ұйымшыл ұжым. 4. Мектеп музейін аралап шыққан соң түскен сурет…