Жақында Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында, ҚР Конституция күніне орай, «Ата Заң – елдігіміздің еңсесі» атты діни бірлестік жетекшілерінің отырысы өтті.
Алматы облысы дін істері басқармасының «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу» орталығының директоры Нұрлан Адетбеков төрағалық еткен жиынға негізгі дәстүрлі ислам дінімен қатар, басқа да дін өкілдері қатысты. Алғаш сөз кезегін алған Нұрлан Байғожаұлы дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты өркениетаралық және дінаралық ынтымақтастықтың жаңа идеяларын ілгерілету, қоғамдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту екендігін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, бұл басқосуда жергілікті діни бірлестіктер жетекшілері өзара пікір алмасып, бірлесіп іс-қимыл жасау кезінде орын алатын мәселелерге қатысты ортақ көзқарастарын білдірді. Мұнан соң сөз кезегі Алматы облысы бойынша өкіл имам Қуаныш Наржановқа берілді. Ол «Зайырлы мемлекет және діни сенім бостандығы» тақырыбында ойын ортаға салса, одан кейін «Астана және Алматы епархиясы Әулие Тихон қауымының» жетекшісі Сергей Гутов «Бейбітшілікке бастар төте жолдың бірі – толеранттылық» тақырыбында өз түсінігін білдірді. Бұдан бөлек, «Қаскелең Інжілдік Мәсіхші Баптистер» діни бірлестігінің жетекшісі Темир Тезекбаев бейбітшілік пен келісім жайлы кеңінен пікір білдіріп, Конституциямыздың негізі осылардан басталатынын айтты. Ал, жиын соңында сұрақ-жауап кезеңі де ұйымдастырылып, онда «Кришна санасы қоғамы» діни бірлестігінің жетекшісі Виктор Голоус еліміздегі діни бірлестіктердің қайта тіркелу тәртібін жеңілдетуге мән беруін сұрады. Басқосу аяқталған соң, барлық қатысушылар «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралап, Елбасымыздың естеліктерімен жақын танысты.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.