Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылу тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өткен. Демек, көп кешікпей егемен еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды. Ал, бұл межелі мақсатқа кедергісіз қол жеткізу үшін түрлі шаралар жоспарланған. Осыған орай, кеше аудандық орталық кітапханада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. «Жазу реформасы – жаңа қазақстандық патриотизм құндылықтарын қалыптастыру тетігі» деп аталған жиынның басты мақсаты – еліміздің латын әліпбиіне көшуінің маңыздылығын түсіндіру. Шараға қала мен ауылдық округтердің және мемлекеттік мекемелердің тілге жауапты мамандары, тіл орталығы, білім, мәдениет, архив мекемелерінің қызметкерлері, жастар қатысты.
Жиынды модераторы ретінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ляззат Әуелбекова жүргізіп, тақырып аясында өз пікірін білдіруге келген басқосудың қонақтарымен таныстырды. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатыны белгілі. Бұған қатысты қазақ жазуында бұрында қолданылып келген әліпбилер тарихы туралы Алматы облысының мемлекеттік архиві Қарасай аудандық филиалының архивисі Дина Бакилова айтып берді. Одан кейін сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясатына қатысты Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық топ мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Сулейман Демирел университетінің ассистент профессоры Нұрсәуле Рсалиева «Мекеме маңдайшаларын латын қарпінде әзірлеу мәселесі» тақырыбы бойынша толықтай мағлұмат берді. Республикалық латын әліпбиінің нұсқаулық кітапшасы құрастыру тобының мүшесі болып табылатын Нұрсәуле Мақсұтқызы қазіргі таңда мекеме маңдайшаларында атауының дұрыс жазу бойынша ауданда зерттеу жұмыстарын жүргізуде екен. Қаскелең қаласы мен өзге округтерді аралауда кездестірген олқылықтар мен қате жазуларды слайд ретінде көрсетті. Ал, жиынға қатысқан сол округтің тілге жауапты мамандарына экранда көрсетілген өз істеріне салғырт қараған басшылармен жұмыс істеу тапсырылды. Сонымен қатар, Нұрсәуле Мақсұтқызы мекеме маңдайшаларындағы атауларды латын қаріпіне ауыстыруға асықпауды айтты. Себебі, қате қылып екі жұмыс жасағанша, жуырда шығатын нұсқаулыққа қарап өзгертудің әлдеқайда дұрыс екендігін алға тартты.
Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы «Латын әліпбиіне көшудің тиімді де пайдалы тұстары» жөнінде, ал, ардагер ұстаз, ҚР оқу ісінің үздігі Ақлима Көсемова «Латын әліпбиіне көшудің себептері неде?» туралы өз ойларын ортаға салды.
Жиын соңында Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» Қарасай аудандық филиалының меңгерушісі Жанар Оразалиева атқарып жатқан жұмыстары жөнінде есеп берді. Қазіргі таңда облыс бойынша 19 осындай орталық ашылған. Біздің аудандығы аталмыш тіл мекемесінің ұжымы 8 мекеме басшылары мен орынбасарларын қосқанда барлығы 75 қызметкерді 6 ай бойы латын әліпбиін меңгертуге үйрететін болады. Тұтастай алғанда, латын әліпбиіне көшу – дұрыс таңдау. Жастар жағы латын әліпбиіндегі қазақ жазуын тез меңгеріп алады. Мектепте ағылшын тілі оқытылатындықтан, олар латын әліпбиін тез қабылдайтыны сөзсіз.
Түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуге жол ашылады деген оймен басқосудың спикерлері жиынды қорытындылады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.