Жылдың әр мезгіліне қарай саудалайтын тауары өзгеріп, оны көше бойында ретсіз сататын заңсыз кәсіп жүргізетіндермен күрес жалғасып келеді. Осы ретте, аудан әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев бастаған комиссия құрамымен жүргізілген екі күндік рейд нәтижесінде 10-нан астам заңсыз сауда орындарына тиісті жаза қолданылды.
Жоғары трасса бойымен жүрген тексеріс Шамалған ауылы бағытында, Қаскелең қаласының шыға берісіндегі айналма жолда орын тепкен заңсыз кәсіппен айналысқандарды тәртіпке шақырумен басталды. Қауын-қарбызды рұқсатсыз, онымен қоса сатып отырған жерін күл-қоқысқа толтырған азаматтарға қатаң ескерту беріліп, сауда нүктелері толық тазаланды. Мұнан соң, жұмысы Алматы-Бішкек трассасының бойында жалғасқан рейд Әйтей ауылы бұрылысына қатысушылар қарама-қарсы бағытта орналасқан үш ретсіз сауда нүктесінің жай-күйін көруге тоқтады. Білуімізше, бұл орындардың иесі бір адам екен. Бұл бизнес дүңгіршектері комиссия құрамының алдында толық тазартылып, иелеріне түсіндіру жұмыстары, яғни, рұқсат алып, заңды іс жүргізу қажеттігі айтылды. Алып мегополис бағытына қарай бет алған комиссия «Барыс» базары маңында орналасқан тағы бір ретсіз сауданың үстінен түсті. Істеген жұмыстары бұрыс болғанымен қатар, жол бойында жарықсыз қалмас үшін жақын орналасқан үйлерден тоқ көзін тартқан. Біршама заң бұзушылықтарға жол берген сауда нүктесі жойылып, иесіне ауызша қатаң ескерту берілді. Осылайша күн де бітіп, кеше комиссия құрамы толық жиналып Іргелі ауылдық округіне қарасты «Асыл арман» тұрғын-үй кешенінен рейд жұмыстарын бастады. Алматы-Бішкек трассасы бойымен Ұмтыл ауылдық округі шекарасына дейін жүргізілген тексеріс нәтижесінде сегізге жуық заңсыз сауда нүктесінің жұмысы тоқтатылды. Олардың кейбіріне айыппұл салынып, қатаң ескерту берілді.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.