Биылғы жыл басынан бері Алматы облыстық жергілікті атқарушы органдарының Әдеп жөніндегі уәкілдерімен 332 алдын алу және түсіндіру шаралары өткізілген. Сонымен бірге мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша 623 жеке консультативті көмек көрсетіліп, заңдық кеңес алуға келген 513 азамат арнайы жеке қабылдауда болған. Бұл туралы Талдықорған қаласында «Алматы облысындағы Әдеп жөніндегі уәкіл институты» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Алматы облыстық коммуникация қызметі.
БАҚ өкілдері алдында сөз алған Алматы облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Өмірәлиев институттың жұмысына тоқталып, бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы әдеп кодексі бойынша заң бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ өздерінің функцияларының шеңберінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес беру үшін енгізілген айтты. Ал, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Ұлан Қалжанов өңір бойынша мемлекеттік мекемелерде орын алған заңсыздықтар жайында сөз етті.
– Ағымдағы жылдың алты айында Әдеп жөніндегі кеңестің, арнайы мониторингтік топтың мүшелерімен, және БАҚ өкілдерімен бірлікте мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тартуды жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген болатын. Бұл бағытта 102 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге 7 мемлекеттік мекемеден үстеме жұмыс істеу ісі анықталып, уәкілетті тұлғаларға заң бұзушылықты жою туралы ұсынымдар енгізілді. Соның нәтижесінде қазір Алматы облысында заңсыз үстеме жұмысқа тарту 10 есеге қысқарды, – деді ол.