Балалардың демалысын ұйымдастыру қашанда маңызды мәселенің бірі болып саналады. Жыл сайын демалыс уақытындағы бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің толық демалуларына, жан-жағын танып-білуіне, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға, өзін-өзі ұйымдастыру қабілеттерін дамытуға, басқа да танымдық тұрғыдан білімі мен іскерліктерін арттыруға жағдай жасау мақсатындағы осындай жазғы сауықтырудың жөні бөлек. Сондай ауданымыздағы Сүлейман Демирел университетінің аумағында орналасқан жазғы лагердің бірі – «SDU SUMMER CAMP» биыл кезекті рет балаларға өз есігін ашты.
Тоғыз ай бойы тәлімгерлерге білім беретін СДУ қалашығы жаз болысымен балаларға арналған демалыс орнына айналады. Студенттер жазғы демалысқа шыққан соң босаған жатақханалар, акт залдары, спорт кешені, үйірме сыныптары толығымен лагерь келушілеріне лайықты етіп жабдықталады. Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған демалыс кешенінің мерзімі 1 маусымнан басталып, 31 шілдеде аяқталады. Айта кетерлігі, мұнда әр кезең сайын түрлі лагерлер жұмыс жасайды. Яғни, әрқайсысы жекелей балалар жинап, қажетті мерзімге СДУ ғимаратын жалға алады. Қазіргі уақытта сондай талаптарға сәйкес жұмыс істеп жатқан лагерлердің бірі – «Айналайын». Басталған үш кезеңде 600-ге жуық баланың демалысының дұрыс өтуіне жағдай жасалуда.
Осы аптаның басында аталмыш оқу орнына жолымыз түсіп, лагерь жұмысымен танысқан едік. Көптеген балаларға арналған демалыс орындары ескі жүйеге сәйкес жұмыс істейді. Ондай бағдарламалар баланы жалықтырып жіберетіні анық. Байқағанымыздай «Айналайын» лагерінде заман талабына сай идеялар кірістірілген. Бұл жерде бала түрлі жарыстарға қатысып, өзін тележүргізуші, журналист, КТК ойыншысы ретінде сынап көре алады. Бұдан өзге ғылыми-зерттеу жүргізіп, ерекше қабілетін танытады. Мұнымен қатар, демалыс пен денсаулықты жақсартуға бағытталған ойын-сауықтар да қамтылған, өзін-өзі басқаруға, шығармашылыққа және ғылымға баулиды. Сондай-ақ, мұнда түрік, ағылшын, орыс тілдерін меңгерулері үшін курстар қарастырылған. Әр күнде әртүрлі ұйымдастырылған топтық және ұжымдық-шығармашылық бағдарламалар алуан түрлі бағытта. Балалар келген күннен бастап бір ауысымға толықтай іс-шаралар жоспарланыпты.
Лагердің үйлестірушісі және ұйымдастырушы директоры ретінде тележурналист Жалын Тілеуберген екен. Жаңашыл жас әрі ізденімпаз басшы шаралардың алуан түрлі болуын басты назарда ұстайтын көрінеді.
– Демалушылар біздің, жасақтың жетекші тәлімгерлерінің мейірімін сезсе керек, үйге кетуге асықпайды. Таңмен тұра салысымен өз төсектерін жинап, жаттығу жасағаннан кейін жаңа ойындарға, сайыстарға дайын тұрады. Сайыстар біткен соң жеңімпаздарға мақтау қағаздары табысталып, сол сайыстардың қорытындылары арқылы «Ең үздік жасақ» анықталып, тәтті сыйлықтар беріледі. Лагерде әр күнді бір-біріне ұқсамайтын, ерекше сәттерге толы қызықты әрі пайдалы етіп өткізуге тырысамыз, – дейді Жалын Түсіпбекұлы.
Жалпы, балалар демалу кезеңінде жоғарыда айтып өткендей, СДУ қалашығындағы студенттер жатақханасында тұрады. Жатын орындары өте ыңғайлы әрі ғимараттың ішінде кең. Әр бөлмеде 3-4 баладан орналасады. Ал, жатақхана астында орналастырылған асхана демалушыларды күніне бес уақыт тамақтандырады. Оған қоса олардың қосымша қажеттіліктерін алуы үшін бірнеше дүкен де жұмыс істейді. Ал, спорт кешенінде таңғы жаттығу, спорттық жарыс өткізіледі. Бұл ұйымдастырылған шаралары да келушілердің көңілдерінен шығып жатыр екен. Себебі, бағдарлама бойынша қалашық ішінде ғана уақыт өткізумен шектеліп қалмай, оларды көршілес Алматы қаласындағы көрікті жерлерге алып барады. Атап айтқанда, Көктөбеге, Медеуге, саябақтарға, «Апорт» ойын-сауық орталығына, тауға жиі серуендеу қалыпты жағдайға айналған. Ал, кештегі шараға Төреғали Төреәлі, Нұржан Керменбаев сынды эстрада жұлдыздары келіп, концерттерін қойып, балалардың сұрақтарына жауап беріп пікір алмасады.
Мұндағы балалармен сөйлесу барысында байқағанымыз, басым бөлігі Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласынан келіпті. Сақи Аймағамбет пен Нұрсұлтан Қайырберген де осы өңірдің жеткіншектері. Екеуінің жастары он бірде. Мектепті үздік аяқтаған соң ата-аналары лагерге жолдама сыйлапты.
– Биыл екінші жыл қатарынан осында келіп жатырмыз. Өте қатты ұнайды. Тәрбиеші ағайлар мен апайлар туған бауырларымыздай. Көп достар табамыз. Қызықты жерлерге жиі барамыз. Лагердегі уақытымыз бос өтіп жатқан жоқ. Өнерімізді ортаға салып, тәжірибе жинаймыз. Алда бізді әлі де қызыққа толы күндер күтіп тұр, – деп екеуі жарыса алған әсерлерімен бөлісті.
Балалар демалысының дұрыс ұйымдастырылуы жайлы сөзімізді қорыта келгенде, осы орайда біз көп нәрсені ұсақ-түйек деп елемейтін сияқтымыз. Ал, тереңірек ойлап қарасақ, жазғы лагерлер – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен шыңдалу орталығы. Мәселен, балалар онда жай демалып қана қоймай, әрі денсаулығын түзейді, әрі қоршаған ортаны танып, еңбекке, достыққа бейімделеді. Мінеки, балалар демалыс сәттерін мазмұнды, мәнді өткізуде. Бұл ауданымыздағы бір ғана «Айналайын» лагерінің тыныс-тіршілігі. Біздің балғындарымыздың өзге де лагерлерде жазғы демалысты дәл осылай қызықты өткізіп жатқанына еш күмән қалмады. Жазғы демалыс – бала жанын жадырататын шақ қой, шіркін!
Бұрым ОРЫНБАСАР.