Әр ұлттың, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық болмысына сәйкес, туындаған салт-дәстүрлері болады. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтеген, қадірлеп сақтаған. Өткен замандарда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Олардың кейбірі халық арасында бүгінде сақталып келеді, ал, біразы қоғамдық дәуір өзгерістерімен бірге қолданыстан шығып, ескіріп, ұмытылды. Сондықтан да, бүгінгі ұрпақ ата-баба дәстүрін жете түсініп, біліп жүруі, тіпті, керек кезінде өмірде пайдаланып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Міне, сондай ұрпаққа берер тағылымы мол, қазақ дәстүрлерінің бірі «Енші беру» әдет-ғұрпы туралы айтуға болады.
Аталмыш дәстүрді еске түсіріп, насихаттауды негізге алған Бекболат ауылының ардагерлері өткен аптаның жұма күні, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Еншісі бөлінбеген қазақ елі» атты тағылымды кеш өткізді. Мерейлі шараның алғы сөзін Бірінші Май ауылдық округінің әкімі Елдос Мұқатаев алып, ұйымдастырылған басқосудың мән-маңыздылығын тілге тиек етті. Шымылдығы түрілген шара одан әрі округ ардагерлерінің қойған көрінісімен жалғасын тапты. Жалпы, тақырыпқа тоқталар болсақ, қазақ халқында енші беру дәстүрінің үш түрі бар. Бірінші, енші – балаларға ата-анасының бөліп беретін мал-мүлкі, қалдыратын мұрасы. Екінші, бөлінбеген енші – кез келген қазақ жанұясының жолаушылап келген қонаққа беретін сый-сыбағасы. Үшінші, еншілес болу – тұтас ру аясындағы әулеттер мен аталардың қандас-туыстас болуына немесе болмауына қарамастан мақсат-мүдделерін бір ету және материалдық игілікке ортақ болу дәстүрі. Осы шараға негіз болған – екіншісі бөлінбеген енші дәстүріне тоқталар болсақ, кез келген қазақ жолаушылап келе жатып жол үстінде кезіккен қазақтың үйіне қонуға, қонақасын ішіп-жеуге, мініс көлігін сайлап аттануға хақылы болған. Яғни, қазақ жолаушысы жолында кез болған қазақтың үйінде «бөлінбеген еншім бар» деп, сеніммен босаға аттай алған.
Кеш барысында округ ардагерлері Қ.Жамбылов, К.Еспергенова, С.Есимова, К.Альменбетов, У.Зекенов, Д.Ауелхановтар сахналық қойылым қойды. Көрініс барысында төсек тартып жатқан ақсақалдың ұлдарына қалдырған өсиеті туралы айтылады. Сөйтіп, өмірінде жиған-тергенін екі ұлына «теңдей қылып үшке бөліп алыңдар» деген ақсақал үнсіз қалып, соңғы демі үзіліп кетіпті. Сынаптай сырғып талай күндер өтті. Әке өсиетінде айтылған үшінші бөлік үлестің жайы алаңдатады. Ақыры ойласа келе аналарының ақылымен елдің құты – Билер кеңесіне салуға ұйғарады. Бәрін тыңдап, жайға қаныққан Бас би сонда тебіреніп былай толғапты: «Қарақтарым, әкелерің батырлығына ақылы сай қадірлі қарт еді. Мынау кең-байтақ қазақ сахарасының жазылмаған заңдарына, өз елінің салт-дәстүріне өлгенше адал болды, сендерге де соны аманаттап кеткен екен. Атадан-атаға жалғасып келе жатқан салтымыздың бірі асқан қонақжайлылық еді. Ендеше, қарақтарым, әкелеріңнен қалған малдың үшінші үлесі қонақтарыңдікі. Ол үлес бөлінбей сендерде қалсын. Күн келе ме, түн келе ме, бір келе ме он келе ме, әрбір қазақтың сендерде қалған еншісі бар. Қона жатып, қонақ болып, қалаған кезінде аттануына құқылы. Және осы салт күллі қазақ даласына жайылып, дәстүр болып қалсын!». Сонымен бұл салт халық санасына тастай батып, судай сіңіпті. Қазақ халқының қонақжайлығын, мейірімділігін білдіретін ұлы дәстүрді жаңғыртқан шараның жиналғандарға бергені мол болды. Әрі қарай шара концерттік бағдарламаға жалғасты. Ал, жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіге Жүнісбеков, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, Бірінші Май ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бұлар Мирманов сөйлеп, қорытындылады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.