Бүгінде ауданымызда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мемлекетіміздің, жеріміздің тарихын бейнелейтін және оған қоса, ата-бабаларымызды тереңінен таныстыратын орталықтар ашылуда. Солардың бірі ретінде қазақ халқының көшпенді мәдениеті мен руханиятын танытып жүрген «NOMAD» этноорталығын айтуға болады. Таяуда бұл орталықта туристерге арналған инфотур өтіп, бағдарламасы ерекше дайындалған іс-шара ұйымдастырылды.
Жалпы, «NOMAD» этноорталығы – Үшқоңыр тауының етегінде орналасқан тарихи-этнографиялық таңғажайып кешен. Саяхатшыларға қашанда қонақжайлылығын танытудан жалықпайтын орталық туризм мен БАҚ өкілдеріне арнайы инфотур өткізіп, қазақтың дәстүрі мен тұрмыс-салтын насихаттады. Шетелдік қонақтардың таңданысын тудырған этноорталық алдымен қазақтың бірнеше ұлттық тағамдарынан шеберлік сабақтар өткізу арқылы келушілерді ас әзірлеуге үйретті. Нақтырақ айтқанда, «қарын көмбе» деп аталатын ұлттық тағамның жасалу әдісін көптің назарына ұсынды. Жиналғандарға ас мәзірінің толық анықтамасын, пайдалы тұстарын, сондай-ақ, оның қалай дайындалуы жайлы, осы орталықтың шебер аспазшысы Әйгерім Мусакажинова түсіндіріп, айтып отырды. Шетел асып келген қонақтар қазақи дәстүрде жасалған тамаққа таңданыстарын да жасырмай, өздерін толғандырған сұрақтарын да көптеп қойып жатты. Бұдан бөлек, ежелден ер жүректі жігіттердің сүйікті тағамы болып есептелген «Жау жүрек» асы да көптің назарына ұсынылып, оны дайындау туристердің өзіне тапсырылды. Әрине, оларды шебер аспаз үйретіп, жол көрсетіп тұрды.
Одан кейін саяхатшылар орталықтың негізгі бөлігі – көшпелі қазақтардың жауынгерлік жекпе-жектерін тамашалады. Жалпы, мұнда орталық қызметкерлері сақ, ғұн, үйсін, түркі, түркі-моңғол және қазақ халықтарының ежелден келе жатқан әскери тәсілдерін және киім үлгілерін арнайы дайындалған түпнұсқалары арқылы бейнелеп көрсетті. Бір ерекшелігі, қонақтар бұл жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, олар жайлы мол мағлұмат алып, тарихымен, артықшылығымен де танысты. Онда осы орталықтың қызметкері, тарихшы-археолог Станислав Потапов батыр бабаларымыз шайқаста қолданған адырна, айбалта, аймауыт, алдаспан, алмас қылыш және тағы басқа құрал-саймандар жайлы айтып өтті. Мәселен, С.Потапов ең алдымен аймауыт, яғни, жауынгерлердің ұрысқа шығарда оқ өтпеуі, қылыш жүзі батпауы үшін үстіне киетін сауыты жайлы сөз қозғады. Білуімізше, ол асыл болаттан шытырторлы етіп соғылады және кез-келген батыр тауып кие алмаған ұрыс киімі болған. Бұл сауыттың қандай екенін өз денемізде сезініп көру үшін де киіп көрген едік. Расында, оның салмағы өте ауыр, торлы болып келеді екен. Ауырлығы 50 келіге дейін болады. Сол сауытты сарбаздар үстілерінен тастамай, шайқасқа шығуға дайын жүрген екен. Ал, аймауыттың шынжыр торы денеге батпас үшін ішінен киіз кебенек киілетін болған. Бұл сауытпен бабаларымыз әрине, құрал-саймандарын да қоса алып жүрген. Соның бірі – айбалта. Ежелгі Египет заманынан бері белгілі соғыс қаруы, өткір де айбатты болып келгенін алға тартқан тарихшы-археолог бұл қару Орта Азия мен Қазақстанға XIV-XV ғасырда кеңінен тарағанын айтты. Оның алғашқы үлгілері Батыс пен Шығыстың көптеген елдерінің қару-жарағында кездескен екен. Ал, қазақ ұсталары айбалта сабының ұңғыдан өтер екі жағын темір құрсаумен шегелеп, оны ұлттық қошқар мүйіз тәрізді ою-өрнекпен безендіріп, қолға ұстау үшін саптың төменгі жағына қайыстан бүлдірге байлаған. Мұнан соң, ол әртүрлі қарулардың ішінен семсердің бір түрі – алдаспан мен соғыс қаруы алмас қылышқа тоқталып, оны суреттеп айтып берді. Алдаспан – жекпе-жек шайқаста қолданылатын қару болғандықтан әрі салмағының ауырлығына байланысты, оның қыны болмаған. Оны батырлар шайқасқа қалай қолға алып шыққанын орталықтың қызметкерлері көрсетіп, көрермендерге алдаспанды күшті, қарулы батырлар ғана пайдаланғаны және ол семсер, қылыштың ішіндегі ең асылы болып есептелінгені жайлы мол мағлұмат берді. Сонымен қатар, батырлар жырында бейнеленгендей, айбалтаның бір сілтегенде қара тасты да қақ бөліп, қиып түсетін қару болғанын да жеткізді. Мұнан кейін, орталық қызметкерлері алмас қылышқа да тоқталып, оның болаттың ең асылынан соғылатынын айтты. Станислав Потапов бұдан бөлек адырна жайлы да сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл қару өгіздің жон терісінен жасалып, садақ ағашының екі басын иіп ұстап тұратын керме қайыстың атауы екен. Осындай иі қанған теріден жасалғандықтан, садақ серіппелі болып, жебесі алысқа ұшқан. Бұдан бөлек, этнографтар адырнаны түркі, моңғол тілдеріндегі «адар», «адыр» сөздерімен төркіндес екендігін де анықтаған. Осы сынды көптеген құрал-саймандардың әрқайсысына этноорталықтың қызметкері нақты тоқталып, келушілердің барлығына жақсылап түсіндірді. Оған қоса оларға оны қолға ұстап, сауыттарын киіп көруге де рұқсат берілді. Мұндай мүмкіндікке ие болған саяхатшылар бұл жағдайды қуана пайдаланып, бір сәтке болса да батырлардың бейнесіне енді!.. «Nomad» орталығының директоры Жандос Нұрбековтың айтуынша, бұл тарихи орталықтың негізгі мақсаты да осы екен. Яғни, ата-бабамыз қолданған дүниелердің, жәдігерлердің жасанды, бірақ, нағыз түпнұсқаларына ұқсастарын келушілерге ұсынып, қолдарына ұстап көруіне және оны киіп көруіне жағдай жасау.
Қонақтардың қызығы мұнымен таусылмады десек те болады, түстен кейін олар этноорталықтың ішінде қатар тігілген қазақ үйлерді аралап, ер жігіттердің спортқа деген бейімділігін жоғары деңгейде көрсететін шеберліктерді тамашалады. Сонымен қатар, облысқа танымал қолөнершілердің туындылары көпшілік назарына ұсынылып, ұлттық мәдениетіміздің тағы бір тұсы дәріптелді деуге болады. Инфотурдың бағдарламасы бойынша шетелдік, отандық саяхатты сүйетін жандар шара соңында жанды дауыста өнерпаздардың өнеріне тамсанып, қазақтың халық әндерінен сусындады.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.