Күнделікті тұрмыс-тіршілігімізді, қоғамдағы қалыпты өмірімізді жарық көзі арқылы қалыптастырамыз десек, артық айтқандық емес. Қарапайым мысал ретінде бүгінгі таңдағы барлық өнеркәсіп орталарына, ауылшаруашылығына, тіпті, күнделікті өмірімізге электр энергиясы аса қажет екенін айтуға болады. Алайда, оның жақсы жақтарын жіпке тізіп айта бермес бұрын қауіптілігін де ескерген жөн. Осылардың маңыздылығын түсіндіру мақсатында осы уақытқа дейін көпшілікке тоқтаусыз қызмет етіп келе жатқан «Алатау Жарық компаниясы» АҚ жыл сайын дәстүрлі түрде жарыс ұйымдастыруды қолға алған. Міне, өткен аптада аталмыш тоқ қуатын тарататын бірлестік тағы да 100-ден аса қызметкерлердің басын қосып, кезекті сайыс өткізген болатын. Алматы облысына қарасты 17 бригадалық құрама командалар қатысқан іс-шара бұл жолы Қаскелең қаласында орналасқан аудандық электр желісіндегі оқу-жаттығу алаңында ұйымдастырылды. Басты мақсаты осы салада аянбай тер төгіп жүрген азаматтардың кәсіби шеберліктерін шыңдап, біліктіліктерін одан әрі арттыру болып табылады. Ал, бұл жолғы жарыс бағдарламасы жедел жөндеу қызметкерлер құрамының кәсіби сынға түсуі және 6-10/0,4 кв электр қуатын жеткізу желілері аясында өткізілді.
Облыстық турнирдің ашылу салтанатында алдымен «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-ның басшысы Мұхит Үмбетов сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға күш-қуат, мол табыс және жарыста сәттілік тіледі. Басқарма басшысының осындай ізі тілегінен кейін аудан әкімі Жандарбек Далабаев сөз алып, Алматы қаласы мен облыс аумағын жарық көзімен қамтамасыз етіп отырған компанияға алғысын жеткізіп, командаларға осы жарыс арқылы шеберліктері одан әрі шыңдала берсін, деген ниетін білдірді.
Біліктілікті арттыруға негізделген сайыс 12-14 маусым аралығында өткізілді. Әр өңірден келген командалардың кәсіби шеберліктері бес деңгей арқылы сыналып, осы саладағы жинаған тәжірибелері мен білімдері жан-жақты сарапталды.
3 күнге созылған жарыстың нәтижесі бойынша Қарасай аудандық электр торабының атынан шыққан команда алтыннан алқа тақса, Алматы қаласы Наурызбай ауданының үшінші электр торап аумағы күміс жүлдеге ие болды. Ал, қола жүлде Талғар ауданынан келген команданың қанжығасына бұйырды. Өз кезегінде аталмыш компанияның басшысы Мұхит Әбікенұлы жарыстың соңғы күні, яғни, құттықтау рәсімінде шараның маңыздылығын айтып, жеңімпаздарды марапаттап, қаржылай сый-сияпаттарын табыстады.
– Республика көлемендегі ауқымды жарыс алдағы уақытта Маңғыстау облысында өтетін болады. Әрине, осы турнир аясында жеңіс тұғырынан көрінген Қарасай аудандық электр торабы «Алатау Жарық компаниясы» АҚ атынан сайысқа түсіп, намысымызды қорғайтын болады. Шеберліктері шыңдалған азаматтарға тек сәттілік тілеймін! – деді компания басшысы М.Үмбетов.
Ауданның түкпір-түкпірінен келген командалар жарыс нәтижесі бойынша осылай олжалы болып жатса, «Үздік төреші», «Үздік электромонтер» «Үздік шебер», «Ең жас және ардагер қатысушы» дәрежелеріне ие болған мамандар да бағалы сыйлықтарға қол жеткізді. Одан бөлек, жеңімпаз командаларды марапаттау рәсімінің соңында турнир уақытынан тыс спорттық және ұлттық ойындар бойынша бақ сынасқан командалардың бірқатар азаматтары жеңімпаз ретінде марапатталып, сый-құрметке ие болды.
Жарық пен жылу таратушылардың біліктіліктері бағаланып, мамандардың тәжірибелері алмасатын осындай іс-шаралардың маңызы қашанда жоғары деп білеміз. Ал, мұндай жарыстардың қажеттілігін дәріптейтін «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-ның ұжымына ыдырамайтын ырысты ынтымақ, жемісті жетістіктердің көптігін тілейміз! Сондай-ақ, жүлделі 1-орынға ие болған жерлестеріміз – қарасайлық команданың жұмыстарына табыс тілеп, республика деңгейінде өтетін жарыста биіктен көрінуіне тілектеспіз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.